Мемлекеттік сатып алу сайтына 4 млрд теңге жұмсалған

Ulysmedia

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу порталының қалай және кімнің есебінен жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Вице-министр Дәурен Кенбейіл брифингте сайттың қызметтерді жеткізушілердің ақшасына жұмыс істейтінін хабарлады. Оның айтуынша, олар сайтты пайдаланғаны үшін белгілі бір тариф төлейді.

"Бүгінгі таңда бізде шамамен 120 мың жеткізуші тіркелген. Олар порталды пайдаланғаны үшін белгілі бір қаражат төлейді. Онда сатып алу көлеміне байланысты әртүрлі сомалар мен тарифтер бар. Бұл қаражат Электрондық қаржы орталығына түседі. Орталық осы ақша есебінен портал жұмысын іске асырады және дамытады", — деді ол.

Вице-министр 2023 жылдың қорытындысы бойынша жеткізушілер мемлекеттік сатып алу порталына 4,6 млрд теңге жұмсағанын айтты.

"Егер порталдың жұмысын іске асырудан бөлек қаражат қалса, ол дивидендтер түрінде республикалық бюджетке көтеріледі. Порталымыз ашық, әлемнің 109 елі арасында ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі бойынша үшінші орын алды", — деп атап өтті шенеунік.

Еске сала кетейік, 1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға қол қойды. Құжаттың сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және бәсекелестікті дамытуға бағытталғаны айтылады.