Мас имам: Қостанайдың бас имамы қызметтен қуылды

Ulysmedia

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Қостанайдың имамы Бақытбек Тәжімбеттің қамауға алынуына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

ҚМДБ бас имамға қатысты шешім қабылдап, Бақытбек Тәжімбетті жұмыстан босатты.

"Құқықтық нормалар мен дін қызметкерлерінің этикасын өрескел бұзған адамдардың діни салада жұмыс істеуге моральдық құқығы жоқ. ҚМДБ Бақытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты", - деп хабарлады ҚМДБ.

Сондай-ақ, олар елдің мұсылман қауымынан кешірім сұрады.

КӨЛІК БАСҚАРУДАН ШЕТТЕТІЛДІ

Бұған дейін Қостанайдың бас имамы мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынғанын хабарлаған едік.

Оқиға 23 шілдеде болғаны. Toyota Highlander маркалы автокөлігін алкогольдік мас күйінде жүргізген имам клуб жанында ұсталған. Алайда, сот барысында өз кінәсін мойындамай, қымыз ішкенін айтқан.

“БАС ИМАМ” ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Имам туралы ақпарат Қостанайдағы облыстық мешіттің ресми сайтында бар. Ол 1983 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматыдағы медреседе және Ыстамбұлдағы мүфтиятта оқыған. Қостанай облысының имамы қызметіне 2015 жылы тағайындалған.