Қызылорда облысында алимент төлемегендер 250 млн теңгені ұтысқа тіккен

Ілияс Бақыт

Прокуратураның мәліметі бойынша, құмар ойындарға ақша ұтылып жүрген алимент төлеуге міндетті борышкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Қызылорда облысының прокуратурасы букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға жалпы 250 млн теңге жұмсаған 150-ден астам алимент бойынша борышкерлерді анықтағанын хабарлады.

ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Олардың біреуі алимент бойынша 1 млн теңге қарызы бола тұра өз шотын 156 млн теңгеге толтырған.

"155 жалғызбасты ананың пайдасына 91 млн теңге сомасында алимент бойынша берешек өндіріліп алынды. 147 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алимент төлеуден жалтарған 18 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, 12-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 9-ы сотталды", - делінген хабарламада.