Қостанай облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Несібелі Басенова бес жасар қыз баланы 12-13 жастағы ұлдардың зорлау фактісі бойынша ақпарат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Басенова не дейді
Несібелі Басенова әуелі өңірлік полиция департаменті таратқан мәліметті растап, бес жасар қыз балаға кәмелетке толмағандардың зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша, қазір қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын хабарлайды. Өзі 25 шілдеде жәбірленуші қыздың анасымен кездескен. Сол күні анасымен әңгімелесіп, психологиялық көмек көрсетілген. Істің мән-жайы анықталып жатыр.
– Баланы қайта әлеуметке бейімдеп, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында Қостанай қаласының білім бөлімінің практикалық психология бөлімі жәбірленуші қыз бен оның анасын "кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы мен ерте жүктілігінің алдын алу" жобасына қосу ұсынылды. Жобада сарапшы психо-түзету үшін сүйемелдейді. Сондай-ақ, анасына арнаулы әлеуметтік қызметтер стандарты шеңберінде жұмыс істейтін дағдарыс орталығында тұру мүмкіндігі бары жеткізілді. Анасы бұған келіспеді, содан бері телефонды жауап бермеді, – дейді Басенова.
Бұдан басқа, жұма күні бұл фактілер Қостанай қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда талқыланған. Ал күдіктілердің ата-аналарына қатысты материалдар жиналып, Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.
– Осы факт туралы барлық мемлекеттік мүдделі органдар тартылғанын және жәбірленуші тарапқа көмек көрсетілетінін барлық жауапкершілікпен мәлімдегім келеді. Бұл іс Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д. Б. Закиева мен прокуратураның бақылауында. Тергеу шеңберінде өзге ақпаратты жариялауға болмайды, – дейді ол.
Оқиға жайлы
Еске сала кетейік, Қостанайда 12-13 жастағы ұлдар 5 жасар қызды зорлағаны жөнінде алғаш ақпаратты #НеМолчиKZ ұйымы таратқан еді. Оқиға 6 шілде күні болған. Анасы қызына велосипед сатып алып, тосынсый жасайды. Көршісі екеуі велосипедті жинап жатқанда, таныс көршінің баласы қызды үйдің артына алып кетеді. Анасы қызының сыртқа шығып кеткенін байқап, іздей бастайды. Кейіннен үсті-басы кір-кір, шашы дода-дода, ойыншық салынған қабын сүйретіп келе жатқан қызын көреді. Қатты қорқып кеткен анасы не болғанын түсінбей, қызына ұрысып тастайды. Алайда бұл әрекеті үшін кейіннен ол қатты өкінген.
Полицияның мәліметі
Қостанай облысының полиция департаменті бес жастағы қыз баланың зорланғанын растады. Күдіктілер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жетпеуіне байланысты оларға бұлтартпау шарасы қолданылмаған.