Олимпиада өткізуге құлықты елдер саны азайып барады

Сырым Қаржас

2028 жылы жазғы Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте өтеді. Бұл қала Парижбен бірге биылғы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш берген. Халықаралық олимпиада комитеті жыл сайын өтініш беретін мемлекеттер азайып жатқандықтан, екі қаланың біріне биылғы, екіншісіне келесі Олимпиаданы өткізу құқығын берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ФОТО SPORTPANORAMA.BY

Explainer.kz  арнасы биылғы Олимпиада ойындарын өткізуге неліктен әлемнің басқа қалалары қызығушылық танытпағанын, олимпиаданы өткізгісі келетін қалалар санының  жылдан жылға азаю себептерін зерттеп көрген.

1984 ЖЫЛЫ БІРДЕ БІР ЕЛ ӨТІНІШ БІЛДІРМЕГЕН

Соңғы болған Олимпиада ойындары сәтті өтпегендіктен, 1984 жылғы ойындарды өткізуге ешбір қала өтініш жібермеген. 1968 жылы Мексикада Олимпиада ойындары өтіп жатқанда елде болып жатқан саяси демонстрациялар зорлық-зомбылыққа ұласып кеткен. Ал 1972 жылы Мюнхенде Олимпиада кезінде теракт болып, Израиль олимпиадалық құрамасының 11 мүшесі қаза болды. 

Бұл оқиғалардан кейін көбі Олимпиаданы өткізу саяси қауіпті болуы мүмкін деп ойлады. Ешкім қызығушылық танытпағандықтан, Халықаралық олимпиада комитеті тығырыққа тірелді. Бірақ Лос-Анджелес қаласы 1984 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс берді. Тек оның өз талабы болды. Лос-Анджелес көп қаражат жұмсағысы келмеді, сондықтан ол Олимпиаданы өткізу үшін жаңа ғимарат салмай, бұрыннан бар алаңдарды қолданамыз деп шешті. 

1984 жылғы Олимпиада ойындары жоғары деңгейде, сәтті өтті және ең бастысы, артық шығындар болмады. Бұдан кейін басқа қалалар ойындарды өткізуге қызығушылық таныта бастады. 

ӨТІНІШТЕР САНЫ

1992 және 1996 жылы 6 өтініш түсті. 2000 жылы - 8 және 2004 жылы 11 өтініш жіберілді. Ойындарды өткізуге өтініштер көбейіп, комитеттің беделі де қайта қалпына келді. Лос-Анджелес моделін қолданудың орнына, олардың талаптары өсе бастады. 

Сондай-ақ 2020 жылға дейін комитет жарыстар қатарына жаңа спорт түрлерін енгізе бастады. Бұл өтініш беруші қалалардан тиісті алаңдардың болуын талап етті. Талаптарға сай болуы үшін қалалардың қомақты қаражатқа үлкен алаңдар салудан басқа амалы болмады. Мысалы, Сидней 15 жаңа нысан салды. Афины - 22, ал Бейжің 12 жаңа нысан тұрғызды. 

АФИНА ОЛИМПИАДАСЫ

Жаңа нысандарды салу Олимпиада ойындарын өткізуді қымбаттатты. Грекияның Афина қаласында 2004 жылы өткен Олимпиаданың құны 15 млрд доллардан асты. 2004 жылдың басынан бастап Олимпиада ашылғанға дейін Афиныда ойындар өткізуге қатысты даулар басталды. Наурыз айынан бастап “Біз Олимпиадаға қатыспаймыз” деген ұранмен наразылық акциялары өтті. Сонымен бірге ойындар баспасөзде сынға алынды.

РИО ОЛИМПИАДАСЫ

2016 жылы Рио-де Жанейрода өткен Олимпиада артық шығынсыз болмады. Олимпиаданы ұйымдастыруға 13,1 млрд.доллар жұмсалды. Бұл Олимпиада ойындары да халықтың наразылығын тудырды. Қала ішінде логистика мен қоғамдық көліктер бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді. Қаланың кедей аудандарын орталықтан бөліп тастады. Арнайы 27 жаңа нысан салынды. Оның жартысы Олимпиададан кейін қараусыз қалды. Бірақ, соңғы жаңалықтарға сенсек, бұл нысандар жақын арада мектеп пен спорт және дене шынықтырумен айналысуға арналған қоғамдық орталықтар ретінде қайта ашылмақ. 

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА

2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қысқы олимпиада ойындарының шығыны көп болды. Ойындар үшін арнайы 109 млн долларға үлкен арена салды. Бірақ ол стадионды 4 рет қана қолданып, Олимпиададан кейін оны бұзады деп жоспарланған. Аренаны бұзудың себебі ол орналасқан аймақта шамамен 40 мың адам тұрады. Ал аренаның өзі 35 мың адамға арналған. Ойындар аяқталғаннан кейін стадионды толтыру үшін әрбір дерлік адам іс-шараға қатысуы керек еді. Қазір бұл жер де қолданылмай, қараусыз қалды. 

ЕҢ ҚЫМБАТ ОЛИМПИАДАЛАР

Ең қымбат олимпиадалар 2008 жылғы Бейжіңдегі Жазғы және 2014 жылғы Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындары болған. Қытай 2008 жылғы ойындар үшін 40 млрд.доллар, ал Ресей 51 млрд.доллар жұмсады. Бірақ аналитиктер бұл екі мемлекет осындай шығындарды көтере алатын жағдайда деген. 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЗИАДА ОЙЫНДАРЫ

Қазақстанда өткен 2011 жылғы қысқы Азиада ойындарын өткізу үшін Астанада арнайы Алау мұзайдыны, Сарыарқа велотрегі, Алматыда К-95 және К-25 шаңғы трамплиндерінің кешені салынды. Сондай-ақ Алматыдағы Медеу биік таулы спорт кешені, Шымбұлақ тау шаңғы базасы мен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қаййта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Азиаданы ұйымдастыру үшін Қазақстан 1,65 млрд.доллар, яғни 233,5 млрд.теңге жұмсады. Спорт нысандарын салдыру үшін бюджеттен 30,48 млрд.теңге бөлінген. Бірақ кейін ол 132 млрд.теңгеге дейін өсті. 

КЕРЕКСІЗ НЫСАНДАР

Олимпиада ойындарынан кейін қолданылмай жатқан нысандар жеткілікті. Афинада арнайы салынған нысандар, Бейжіңдегі стадион, Риода олимпиададан кейін қалған 27 нысанның 12-сі қазір пайдаланылмайды.  Сол себепті Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш берген қалалар саны жылдан-жылға азайып барады. 

ПАРИЖДІ ҚАЛАЙ ТАҢДАДЫ?

2004 жылғы ойындар 12 қаладан өтініш жинаса, 2020 жылғы ойындар 5 өтініш қана жинады. Ал 2024 жылғы олимпиадаға бастапқыда 6 қала өтініш берген. Бірақ жергілікті халық олимпиада өткізуге қарсылық білдіргендіктен, көбі өтініштерін кері қайтарып алды. Ақыры 2024 жылға 2 қала ғана үміткер болды: Париж бен Лос-Анджелес. Осы жолы Халықаралық Олимпиада Комитеті әдеттен тыс әдіс қолданды. 2024 жылғы ойындарды Парижге, ал 2028 жылғы ойындарды Лос-Анджелеске тапсырды.

Бұлай жасаудың нақты бір себебі бар. Комитет 2028 жылғы олимпиаданы өткізуге ешкім де өтініш бермейді деп қорықты. Қазіргі кезде комитет олимпиада өткізуге өтініштер қабылдауды тоқтатты. Олар енді нақты қалаларды таңдап, олимпиада өткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. 2026 жылғы Қысқы ойындар үшін Италияның Милан және Кортин қалалары, ал 2032 жылғы жазғы ойындар үшін Аустралияның Брисбен қаласы таңдалды. 

ТҰРАҚТЫ ЕЛГЕ/ЖЕРГЕ ТОҚТАУ

Ендігіде олимпиада ойындарын өткізу үшін тұрақты бір жерді таңдау керек дейтіндер бар. Кейбірлері бұл үшін Олимпиаданың тарихи үйі Грекияны лайықты таңдау деп санайды. Тағы біреулері Лос-Анджелесті ұсынады. Себебі мұнда керекті нысандардың барлығы бар және кезінде ұйымдастырылған олимпиадалар сәтті өткен дейді. Тұрақты қаланы анықтау үлкен шығындар мен қарыздан, қараусыз қалған бос нысандар мен ойындардың қоршаған ортаға деген зиянын болдырмайды деп үміттенеді.