Көлік министрі Марат Қарабаев жолаушылардың шағымдарынан кейін Ақтау, Астана және Ақтөбе әуежайларын ретке келтіруді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ведомствоға сілтеме жасап.
"Ең алдымен, осы әуежайларда тазалық пен тәртіп орнату қажет. Әуежай басшылығына ескерту жасаймын", - деді Марат Қарабаев азаматтармен кездесуде.
Бұған дейін Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының шатырынан су аққан болатын.
ВОКЗАЛДАР
Атырау тұрғыны елдегі теміржол вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жеке кассаның жоқтығы туралы сұрақ қойды. Жалпы, бүгінгі күні елде 300-ден астам теміржол вокзалы жұмыс істейді.
Олардың тек аз бөлігі ғана арнайы кассалармен жабдықталған. Теміржол және су көлігі комитетінің қызметкерлеріне барлық вокзалдарды тексеруді және теміржол вокзалдарында жүріп-тұруы қиын халық топтары үшін қосымша бөлек арнайы кассалар орнату мәселесін пысықтауды тапсырды.