Қазақстандық кино оператор Еркінбек Птыралиев Америка кинематография өнері және ғылымы академиясынан қуанышты хабар алғанын бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еркінбек Птыралиев өзінің Америкалық академияның мүшелігіне қабылданғанын айтып, сол жақтан келген хатты жариялады.
"Бұл мен үшін үлкен құрмет және менің кино әлеміне қосқан үлесімнің мойындалуы. Мен әлемнің әр түкпірінен киноиндустрияның үздік өкілдерін біріктіретін осындай беделді ұйымның мүшесі болғаныма ризамын. Киноиндустрияның болашағын анықтайтын маңызды шешімдер мен дауыс беру рәсіміне қатысуды асыға күтемін", - деп жазды ол.
Аталған академия кино түсіру өнеріндегі жетістіктер үшін жыл сайын "Оскар" сыйлығын беретіні белгілі. Жеңімпаздар академия мүшелерінің құпия дауыс беруі арқылы анықталады.
ШЕТЕЛДІК ОПЕРАТОРДЫҢ ХАТЫ
Птыралиевке "Мүйізтұмсық" фильмін түсіру кезінде "Гейша естеліктері" фильмінің қоюшы операторы Дион Бибиден хат келген. "Оскар" иегері Еркінбектің қатысуымен түсірілген "Сары мысық" фильмін көріп, оның кандидатурасын киноакадемия комитетіне ұсыныпты. Жерлесіміз тиісті құжаттарды жинап жіберген және біраз уақыттан кейін қабылданғаны туралы хабарлама алған.
“Киноакадемияның мүшесі болғанда, олар маған логин мен құпия сөз жіберді. Ресми сайтта менің жеке парақшам бар. Енді мен номинанттарға және "Оскарға" түсетіндерге дауыс беруге құқылымын. Мен әлі бұл сәттерге қатты үңіле қойғаным жоқ, өйткені қазір Балқаш қаласында түсірілімде жүрмін. Мұнда интернет өте нашар”, - деді ол “ҚазАқпаратқа” берген сұхбатында.
Ол болашақта қазақстандық фильмдердің де “Оскар” алады деп ойлайтынын жеткізген.
”Бұл күн, бәлкім, алыс емес шығар”, - деді Еркінбек Птыралиев.
ЕРКІНБЕК ПТЫРАЛИЕВ КІМ?
Еркінбек Птыралиев 1989 жылы Шымкентте дүниеге келген. 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын "ТВ және кино операторы" мамандығы бойынша бітірген. Ең танымал жұмыстарының қатарында "Сары мысық" және "Атбай соғысы" фильмдері бар.