Бақытбек Смағұлдың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны рас па?

Әлихан Асқақ

С-ИНФОРМ газетінің журналистері экс-мәжілісмен Бақытбек Смағұлға қатысты Қылмыстық кодекстің  «қылмыстық топ құрып, ірі мөлшерде алаяқтық жасау» деген 190 бабының 4 бөлігімен №247115031001799 санды қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталғанын жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

“70 МЫҢ ДОЛЛАР АЛҒАН”

“Осыдан екі ай бұрын бізге Сақтағанов Ардагер деген қызылордалық жігіт хабарласып, өзін бірнеше жыл бұрын Бахытбек Смағұл деген экс-мәжілісмен 70 мың АҚШ долларын алдап алғанын айтты. Ол былай болған: Сақтағанов Ардагердің бір жақын жездесін Қызылорданың ҰҚК қызметкерлері «ұйымдасқан қылмыстық топпен мұнай ұрлады» деп үстінен бірнеше баппен іс қозғаған екен”, – деп жазды журналист Амангелді Батырбеков. 

Жездесіне жала жабылғанын естіген Ардагер көмек сұрап, туысы боп келетін мәжілісмен Бақытбек Смағұлға хабарласады. 

“Мәжілісмен Бақытбек Смағұл өзінің Президент әкімшілігіндегі және қудалау органдарына ықпалы бар генерал таныстары арқылы жағдайдың бәрін біледі. Жәрдемге мұқтаж боп алдына кеп тұрған Ардагерге паңдана қарап: «так, жездең сотталады, бірақ мен оның жазасын жеңілдетіп бере аламын және оның мүлкін тәркілетпеу де қолымнан келеді, мақұл десең, менің ол қызметім -100 мың АҚШ доллары тұрады» деген көрінеді. Ардагер бүкіл ауыл-аймақ, туыс-таныстарынан 70 мың долларды әзер жинап әкеп береді”, – деп жазды журналист.

“АҚШАНЫ ҚАЙТАРМАЙ ОТЫР”

Ақыр аяғында Ардагердің мұнай ұрлаған жездесі сол күйі ауыр жазамен қамалып кете барады һәм бүкіл дүниесі тәркіленеді. Сақтағанов ақшасын қайтаруды сұрап барғанда, Смағұлов қайтармайтынын айтады. 

“Содан Ардагер бізге келіп, біз оның дәлеледерін мұқият зерттеп, көзіміз жектен соң, мен өзінен сенімхат алып, екеуміз Астанадағы антикор агентствосына «қайдасың?» деп тартып кеттік. Антикордағылар алғаш естігенде, олардың түрлерінен «олай болуы мүлдем мүмкін емес» дегенді байқадық.  Алайда, дәлелдеріміз нақ болса керек, осы шілде айында экс-мәжілісмен Бахытбек Смағұлға «қылмыстық топ құрып, ірі мөлшерде алаяқтық жасау» деген қылмыстық кодекстің 190 бабының 4 бөлігімен №247115031001799 санды қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталғаны жайлы ақпарат келді”, – деп жазды Батырбеков. 

БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ НЕ ДЕЙДІ?

Экс-депутатқа телефон шалып, қылмыстық іс қозғалған, қозғалмағаны жайлы сұрап білдік.

“Бұл жала. Мен ол адамдардың үстінен прокуратураға арыз жаздым. Құзырлы орган айналысады”, – деді ол.

БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ КІМ?

1960 жылы 6 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.

1975–1978 жж. Қазалы қаласындағы кәсіптік техникалық училищені «Ауыл құрылысының шебері» мамандығы бойынша бітірген.

979–1981 жж. арнайы дайындықтан өтіп, 1979 жылғы 27 желтоқсанда Совет Армиясы қатарында Ауғанстан Демократиялық Республикасында әскери борышын атқаруға аттандырылды.

1982–1985 жж. Алматы құрылыс техникумын «Өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

2000–2004 жж. Орталық Азия Университетін «заңгер» мамандығы бойынша тамамдаған.

2004–2008 жж. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін «Журналистика» мамандығы бойынша бітірген.

1985–1989 жж. Алматы қаласы Калинин аудандық құрылыс-жөндеу басқармасында инженер-техқадағалаушы қызметін атқарды.

1989–2005 жылдар аралығында бизнес-құрылымдарда, кәсіпкерлік салада әртүрлі жоғарғы лауазымдар атқарған.

2005–2011 жж. Үкіметтік емес ұйымдардағы қызмет: Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» Қауымдастығы төрағасының орынбасары.

2012 жылдан бастап, бүгінге дейін Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы.

2012 жылғы 20 қаңтардан бастап, V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі.

2016 жылғы 25 наурыздан бастап, VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі.

2021 жылғы 14 қаңтардан бастап, VII сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Соңғы сайлауда Мәжіліске өтпей қалды.