Астана қаласының полиция департаменті алаяқтардың мессенджерлерде жалған аккаунттар жасап, мемлекеттік, квазимемлекеттік және басқа да ірі коммерциялық мекемелердің басшылары болып танысып, адамдарды алдайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, ұйым қызметкерлеріне құқық қорғау органдары тарапынан тексеріс жүргізілетіні туралы жалған ақпарат беріледі.
"Алаяқтық схемаға сәйкес, олар ҰҚК қызметкерлері болып танысып, банктік шоттары арқылы террористік ұйымдарды қаржыландыру фактісі анықталғанын айтып, қорқыту арқылы ақшаны жалған банктік шоттарға аударуды немесе қолма-қол ақшаны құқық қорғау органдары қызметкеріне беруін сұрайды", - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Осыған байланысты азаматтарға сақ болу, белгісіз абоненттік нөмірлермен диалогқа түспеу, сондай-ақ белгісіз банктік шоттарға ақша аудармау және бөгде адамдарға ақшаны бермеу туралы ескертіледі. Барлық күмәнді жағдайлар туралы "102" каналына дереу хабарлауы сұралады.
Биыл елорда аумағында 2500-ден астам интернет-алаяқтық тіркеліп, 505 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды. Азаматтарға келтірілген залал 2 млрд теңгеден асады.