Пара, алаяқтық: Олжас Ағабековке үкім шықты

Сырым Қаржас

Судья Бақытжан Есенов IGTIPC халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының бұрынғы басшысы Олжас Ағабековке үкім шығарды. Ағабеков колонияда тоғыз жыл өмірін өткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Елорда сотында Олжас Ағабековтың ісі бойынша процес аяқталды. Сот Ағабековты 9 жылға соттады.

Айыптаушы тарап Дубайдағы көрме кезінде смета асыра бағаланды деп есептеді. Сонымен қатар, Олжас Ағабеков "Atla$" ЖШС ұйымдастырушысы әрі басшысы Салтанат Назарымбетовамен бірге "Қазмұнайгаз" АҚ демеушісінің 108 млн теңге көлеміндегі ақшасын иемденген. Сондай-ақ, айыптаушы тарап "Karabatan Utility Solutions" ЖШС-нен 35 млн теңге пара алды деген. 

Еске сала кетейік, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының бұрынғы басшысы Олжас Ағабековтың ісі жөнінде пікір білдіріп, оның үстінен іс қозғалуына өзі мұрындық болғанын айтқан еді.

Қандай айып тағылды

Оның ісіне қатысты тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген. Ол Біріккен Араб Әмірлігінде өтетін көрмеге бөлінген 270 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл қаражат Дубайда өтетін халықаралық көрмедегі қазақстандық павильонға бөлінген. 

Айып тағылған баптар

Сот Олжас Ағабековке мына баптар бойыша айып тағып отыр: 

  • ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлімінің 3-тармағы – «Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану»;
  • ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармағы – «Алаяқтық»;
  • ҚР ҚК 366-бабының 3-бөлімінің 3-тармағы – «Пара алу».

Олжас Ағабеков кім

Ол президенттік кадрлық резерв мүшесі. Көп жылдар бойы Энергетика, кейін Экология министрлігінде қызметте болған.

Сондай-ақ «Алматы электр станциялары» АҚ, «KEGOC» АҚ, Жамбыл облысы әкімінің аппаратында, Жамбыл облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында жұмыс істеген. 

2016-2022 жылдары Энергетика министрлігінің климаттың өзгеруі жөніндегі департамент директорының орынбасары, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры болды.