Атырау маңында інісімен бірге суға батып кеткен қыздың денесі үш күннен кейін табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 тамызда сағат 18:53-те Атырау қаласының Құрманғазы ауылында сүңгуірлер баланың денесін тауып, судан шығарып алған.
Сүңгуірлер 1-3 тамыз аралығында барлығы 20 су асты сүңгуін өткізді. 12-15 метр тереңдікте алты мың шаршы метр аумақ зерттелді. Су астындағы іздеу жұмыстарына күшті ағын, су астындағы бөгде заттардың көптігі және лайдан дым көрінбеу кедергі болды, - деді аймақ ТЖД.
Естеріңізге сала кетейік, 1 тамызда Атырау маңында 9 жасар қыз бен 7 жасар ұл бала суға батып кетті. Құтқарушылар сол күні інісінің денесін тапқан болатын.
Сонымен қатар, бүгін ғана Ақтөбеде бір үйдің үш адамы суға батып кеткені туралы хабарлағанбыз.