Қазақстанда жоғары білімге пайызсыз несие алу мүмкіндігі пайда болады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
НЕСИЕ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?
Пилоттық режимде несиені беру және орналастыру жөніндегі оператор ретінде Қаржы орталығы айқындалған.
Несие пайызсыз болады.
Несиеге үміткерлер келесі 3 критерийге сай болуы керек:
- ішінара грант иегері болу;
- тұрақты табыс көзі бар Қазақстан Республикасының кемінде бір еңбекке қабілетті азаматының кепілгерлігі берілу қажет. Бұл өлшем жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы қарыз алушыларға қолданылмайды;
- МБЖЖ шеңберінде тіркелген Білім беру жинақтаушы салымы немесе жасалған білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты болуы тиіс, өйткені бұл кредит ЖОО-ға МБЖЖ салымы немесе сақтандыру шарты арқылы аударылатын болады.
АҚПАРАТТЫ ҚАЙДАН БІЛЕМІЗ?
«Қаржы орталығы» АҚ сайтында несиеге өтініштерді қабылдаудың басталуы туралы ақпарат орналастырылады, содан кейін үміткерлерге қажетті құжаттарды қоса бере отырып, электрондық форматта өтініш беру қажет болады.
Қажетті құжаттардың барлық тізбесі тиісті Ережелерде көзделген (өтініш, жеке куәліктердің көшірмелері, келісім, анықтама және т.б.).
ҚАЙ ЕЛДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ?
Иә, халықаралық тәжірибе зерттелді және талданды, мысал ретінде Қытай, Ресей және АҚШ сияқты ірі елдер қарастырылды. Онда несиелер төмен пайызбен беріледі (Қытайда 0,3%, Ресей Федерациясында 3%, АҚШ-та жылдық 5,5%).
БАСТАМА ҚАШАН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ?
Бағдарламаны іске қосу жаңа оқу жылында (2024-2025) жоспарлануда, барлық ақпарат «Қаржы орталығы» АҚ сайтында орналастырылады.