Сенсациялық жеңіс: Парижде атой салған Жадыраев жайлы не білеміз

Ілияс Бақыт

Төрткүл дүние көз тіккен Парижде бүгін тағы да қазақтың Әнұраны шырқалуы бек мүмкін. Грек-рим күресінен 77 келі салмақта сынға түскен Демеу Жадыраевтың жартылай финалдағы жарқын жеңісінен кейін ел қоржынына алтын түседі деген үкілі үміт көптің көкейінде маздап қоя берді. Әзербайжан мықтысы Санан Сүлеймановты айқын басымдықпен жеңген Демеуді күрес жанкүйерлері жақсы таныр, бәлкім. Бірақ былайғы жұртқа белгісіз есім. Қазақтың қанжығасына тағы бір медаль байлағалы тұрған балуан жайлы там-тұм деректің басын құрадық...

Суретті түсірген Тұрар Қазанғапов

МАШЫҚ ПЕН МІНЕЗДІҢ ҰШТАСУЫ

Демеудің қарсыластары – кілең «сен тұр, мен атайын» мықтылар. Жеребе жеңіл түсті дей алмаймыз. Сонда да талай жыл шыңдалған машық пен мірдің оғындай мінезді ұштастыруының арқасында қарсыластарын шетінен жықты.

Ширек финалда қырғызстандық қарсыласы, әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовты төрттағаннан көтеріп алып, айналдыра лақтырды. Жартылай финалда әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Санан Сүлеймановты 6:1 есебімен жеңді. Финалда 2023 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, жапон балуаны Нао Кусаканы жықса, бұл сенсациялық алтын болғалы тұр. Әлем чемпионатының тұғырындағы үшеуді бірдей жеңу – оңай олжа емес. Оның үстіне, спортшыларымыз күрестің бұл түрінен Олимпиадада атой салмағалы қай заман.

Суретті түсірген Тұрар Қазанғапов

Бұған дейін грек-рим күресінен Қазақстан қоржынына алтын бір-ақ рет – 1996 жылы Юрий Васильевич Мельниченко қарсыластарын тегіс жыққан кезде түскен. Бірақ ол уақытта Мельниченко фавориттер қатарында болды. Атлантаның алдында Азия чемпионы атанған. Олимпиададан кейін 1997 жылы Әлем чемпионатында топ жарды. Сондықтан оның жеңісі ел күтпеген жаңалық болған жоқ. Ал Жадыраевқа жалпақ жұрт көп үміт арта қоймаған.

ТУҒАН АҒАСЫНЫҢ ТОЙЫНА БАРМАҒАН

Демеудің жартылай финалдағы белдесуі ел жанкүйерлерін таңғалдырғаны рас. Таңғалмай қайтсін, 2017 жылғы Әлем чемпионатының, 2018 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғаны әлдеқашан ұмтылған. Былтыр екі додада да бесінші орынды місе тұтқасын биыл жұрт оны Олимпиада үздіктерінің қатарынан көреміз деп ойлаған жоқ. Алайда Жетісудің жігерлі жігіті төрт жылда бір болатын айтулы аламанда ел абыройын асқақтату үшін бар уақыты мен қуатын дайындыққа сарп етіпті.

Суретті түсірген Тұрар Қазанғапов

Ұлттық құрамада қатар жаттығып жүрген командаластарының айтуынша, Жадыраев – қатаң тәртіптің адамы. Жаттығу жиындарына бірінші болып келіп, соңғы болып қайтады екен. Тіпті, дайындығын үзбеу үшін туған ағасының тойына бармапты. Жолына қарап елеңдеп отыратын жары және кішкентай қызымен де жеткілікті уақыт өткізуге мұршасы бола бермейді.

– Ұлттық құрамадағы спортшылардың көбі солай. Той-томалақтарға бармаймыз, тіпті туған ағамның тойына бармаған кездер болған. Университет бітіру кешіне де қатыса алмай қалғанмын. Туған-туыс, дос-жаран – бәрі жаттығу жиындарында жүретінімді біледі, түсіністікпен қарайды, - депті Демеу Парижге аттанар алдында әріптестеріміздің біріне берген сұхбатында.

ДЕМЕУГЕ АҚЫНДАР ДЕМ БЕРДІ

Қазақ жанкүйерлері Демеудің боз кілемдегі өнеріне ғана емес, өзін өзі ұстауы, тіпті, мұрт қойысына да аса мән беріп жатыр. Олай дейтініміз, қазаққа жат діни ағым ықпалына түскен спортшылардың сөз саптамы, сақал-мұрты осы Олимпиада барысында біраз талқылауға себеп болды.

«ҚАСҚЫР! Мұрт болған жерде ҰЛТТЫҚ РУХ болады! Жараған бурадай сақылдап, қасқыркөзденіп тұр мына жігіт! Күресіне қарасаң, түріне қарасаң, мұртына қарасаң - көз тояды, әшинь!!! Финалда да қасық қаны - соңғы сығым күші қалғанша қайтпай қырылатын, таймай тіресетін, қоймай күресетін Ердің сойы мынау!!! Жеңілген соң "қалау" мен сылтау іздегенше, жеңілмеуге күш пен айла, әдіс іздесеңдерш, жігіттер!!!», - деп жазады журналист Алмас Алтай.

Ал, ақын Азамат Әбілқайыр күні кеше Демеу Жадыраевқа төмендегі өлең шумақтарын арнады.

Сақалы бар. Мұрты бар!

Әруақ деп жұлқынар!

Араб емес, басқа емес,

Қазақ деген ұлты бар!

Кіналамас Құдайын!

Қанжығаға құлқы бар.

“Не көрсе де өзімнен”,

Намысым деп бұлқынар!

Мысын басар жауының

Жанарында күлкі бар.

Демеу болар ұлына

Жадыраған жұрты бар!

Қондыгердің ұрпағы

Самурайды сілкіп ал!!!

ЖАПОНДЫҚ БАЛУАННАН БҰРЫН ЖЕҢІЛГЕН

Кешегі жартылай финалдан кейін де тілшілермен бір-екі ауыз тілдесіп үлгерген балуан жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін айтты.

– Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр.

Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім. Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты. Қолдауларыңызға рахмет. Енді финалды күтеміз, - деді Жадыраев.

Сурет түсірген Тұрар Қазанғапов

7 тамыз күні жерлестеріміз 5 спорт түрінен сынға түседі.

Грек-рим балуаны Демеу Жадыраев 77 келі салмақтың финалында жапониялық Нао Кусакамен кездеседі. Тағы бір балуанымыз Нұрсұлтан Тұрсынов жарыс жолын бастайды.

Иә, Демеудің бүгінгі белдесуін тағатсыздана күтіп отырғандар көп. Алтыннан үміттіміз, несін жасырайық?! Кешегі жеңіс қаны қазақтың бәріне қанат бітірді. Мельниченконың шәкірті ұстазының 28 жыл бұрынғы жанкештілігін қайталаса, аядай Үшаралдың ұлына бүкіл әлем тік тұрып қошемет көрсететін болады. Бұйырсын!