Израиль Қазақстанға су тасқынын болжау мен қорғану жүйелерін ұсынбақ

Дастан Кенжалин

Израиль еліміздегі су қоймаларының құрылысына инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Израильдің ірі компанияларымен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ulysmedia.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

gov.kz

 КАДР ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Value LBH компаниясының басқарушы серіктесі және Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамо бастаған су ресурстарын басқару саласындағы жетекші израильдік компаниялардың консорциумымен кездесті.

Тараптар су саласының түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, бірлесіп кадр даярлау жөнінде сөйлесті.

СУ ТАСҚЫНЫН БОЛЖАУ

Израильдік бизнесмендер Қазақстанда су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына инвестор ретінде қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Бұдан бөлек, Израиль компаниялары су тасқынын болжау және одан қорғанудың заманауи жүйелерін ұсынуға дайын.

Сонымен қатар, тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тазарту және қайта пайдалану, ауыз судың сапасын бақылау, су ресурстарын бөлу мен есепке алуды автоматтандыру мәселелері бойынша да серіктестік орнату жөнінде әңгімелесті.

БІРЛЕСКЕН БАҒДАРЛАМА ӘЗІРЛЕУ ЖӨНІНДЕ БАСТАМА КӨТЕРІЛДІ

Нұржан Нұржігітов кадр даярлау мәселесіне жеке тоқталып, еліміздегі су шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Сондай-ақ, жоспарланған жобалар бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды.

Біз нәтижелі ынтымақтастыққа ниеттіміз. Израильдік компаниялардың суды сапалы басқаруда мол тәжірибесі мен заманауи технологиялары бар. Кейбір компаниялар елімізде бұрыннан бері табысты жұмыс істеп келеді. Біз барлық салада суды барынша тиімді пайдалануға ниеттіміз, сондықтан серіктестігіміз өзара тиімді болатынына сеніміміз мол, – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Биылғы су тасқыны кезінде Қазақстанның су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналды. Су ресурстары және ирригация министрлігі жиналған су экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылатынын мәлімдеді.