Қызылордада 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікке мәжбүрлеген

Аян Өрібай

Іс бойынша күдіктілер қамауға алынды, деп хабарлады Ulysmedia.kz. 

ашық дереккөзден

Әуелі бұл оқиға жөнінде телеграм-арналар ақпарат таратқан еді. Бейресми мәлімет көздері Қызылордада 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары азаптап, жезөкшелікке мәжбүрлегенін жазған. 

 Ulysmedia.kz тілшісі Қызылорда облысының полиция департаментіне хабарласып ақпарат алды.

– Қызылорда полициясымен аталған дерек бойынша күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып,  тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді, – деген жауап келді департаменттен.

Сонымен қатар, департамент сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұсталғандар кінәсіз деп саналатынын ескертеді.

P.S.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті кейін осы оқиға жөнінде ақпарат таратты. Комитеттің хабарлауынша, бүгін аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен қызбен және оның отбасымен кездескен. Қазір облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары оған қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетіп жатыр. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Сондай-ақ, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. “Аталған жағдай ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қатаң бақылауында” делінген хабарламада.