Шавкат Мирзиёев: Қазақстан біздің ең жақын серіктесіміз

Аян Өрібай

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзін Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді, деп хабарлады Ulysmedia.kz. 

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттаған еді. Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Мемлекет басшысы Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті Өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты.

– Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Тоқаев өз сөзінде  Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы сауда-саттық бойынша ең ірі серіктестер екенін атап өтті. Оның айтуынша, Былтыр өзара тауар айналымы 4,4 млрд долларға жеткен. Екі мемлекет бұл көрсеткішті таяу арада 5, кейін 10 млрд долларға дейін жеткізу мақсатын көздеп отыр. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрлерін көбейтпек. Сондай-ақ экономикалық ықтпалдастықты тежейтін кедергілерді жоймақ.

– Жалпы, сауда-саттықтың ауқымын кеңейтуге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 млн долларға арттыра аламыз. Яғни, өндірілген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қазақстанға көптеген өнімдерін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Былтыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 млрд долларға жетті. Бұл жалпы сауда-саттықтың шамамен үштен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агроөнеркәсіп өнімдерін Өзбекстаннан импорттауға мүдделі. Сонымен қатар өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін  экспорттауды жалғастыра береміз. Біз үкіметаралық кеңеспен ғана шектеліп қалмаймыз. Түрлі деңгейдегі жан-жақты ықпалдастықты жандандыра түсеміз, – деді Тоқаев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев кеше Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті елорда әуежайында қарсы алды.