Украина әскері Белгород облысына шабуыл жасап жатыр

Дастан Кенжалин

Украина Қарулы Күштерінің бір бөлігі бір аптадан бері Ресейдің Курск облысына шабуылын бастағаннан кейін енді көршілес Белгород облысын нысанаға алды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

vvgladkov / t.me

Белгород облысында таңертеңнен бері қиян-кескі шайқас жүріп жатыр. Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрлігі әзірше ешқандай нақты ақпарат берген жоқ. Алайда, Украина мен Ресейдің Telegram-арналары таңертеңнен бері жан-жақты мәлімет тарата бастады.

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков та үнсіз қалған жоқ.

Жау Белгород облысының Краснояруж ауданына шабуылды бастады. Қазір біз тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмысын бастадық, - деді Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков.

УКРАИНАНЫҢ РЕСЕЙДІ ТҮРТПЕКТЕУ ТАКТИКАСЫ НӘТИЖЕ БЕРДІ

Қазір Украина Қарулы Күштерінің Ресейдің жанды жерін түртпектеу әдісін қолданып, тактика ұстанып келеді. Соның нәтижесінде өткен аптада Курск облысына кіріп, сойқан салып, 10-нан астам елді мекенді басып алды. Украина әскері Суджа мен басқа да аудандардың селоларындағы жергілікті әкімшіліктің ғимараттарына ту тіккен.

Енді Украина Белгород облысына шабуылды бастады. Бұған дейін де Белгород қаласы мен бірнеше селолар шетелдің шабуылына  ұшыраған болатын.

ПОРОЗ СЕЛОСЫНДА ҚИЯН-КЕСКІ ҰРЫС БАСТАЛДЫ

Украина БАҚ-тың хабарлауынша, шекара маңындағы Пороз селосында шайқас болып жатыр. Порозға Украина сарбаздары мен Грузияның еріктілер жасағы кірген. Осыған байланысты Ресей Белгород пен Донецк маңындағы әскердің бір бөлігін Курск облысына жіберуге мәжбүр болды. Бірақ одан тиісті нәтиже шығара алмай отыр. Керісінше, Ресей билігі  Курск облысынан 76 мың адамды эвакуациялаған. Бұл туралы РФ Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

Қазір Курск облысындағы ұрыс аумағы ұлғайып, 650 шаршы шақырымға дейін жетті.

КУРСК ҚАЛАСЫНА ТҮНДЕ «ТОЧКА-У» РАКЕТАСЫ ТҮСТІ

Бүгін түнде Украина әскері Курск қаласының өзіне «Точка-У» тактикалық щымыранымен соққы жасап, 13 адам жараланған.

Сонымен бірге Курск, Воронеж, Брянск, Орлов және Белгород облыстары дрон шабуылына ұшырады. Әуе қорғаныс жүйесі 35 дрон және төрт «Точка-У» тактикалық ракетасын атып түсірді. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.

Кеше Украина президенті Владимир Зеленский Қарулы Күштердің Ресей аумағында соғысып жатқанын растады. Бұл операцияға Украина әскері бір жылдан аса уақыт дайындалған деген дерек бар.