Еуразия университетінің жаңа жатақханасы пайдалануға берілді

Дастан Кенжалин

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға берілді, деп хабарлады Ulysmedia.kz. оқу орнына сілтеме жасап.

enu.kz

Оның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, «Bastau Damu kz» ЖШС директоры Арман Халелов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов қатысты.

Жатақхана 382 орынға арналған.

ENU-да жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Мағжан Жұмабаев көшесі, 10А мекенжайында орналасқан жаңа заманауи ғимаратқа ЕҰУ студенттері биылғы жаңа оқу жылында қоныстана алады, - делінген хабарламада.

ҚАЗІР БІЛІМ ОРДАСЫНДА 20 МЫҢНАН АСТАМ СТУДЕНТ ОҚИДЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Ләззат Нұрқатованың айтуынша, қазіргі кезде жоғары оқу орнында 13 факультет бойынша 20 мыңнан астам студент білім алады. Жаңа нысанды қоса алғанда университеттің 8 жатақханасы бар. Ғимараттың барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған.

ЖАТАҚХАНАДА 158 БӨЛМЕ БАР

Студенттердің қауіпсіздігі басты назарда болады. Жатақханада турникет пен бейнебақылау камералары бар. Өрт қауіпсіздігіне арналған дабыл түймелері де қарастырылған. 6 қабатты ғимарат 4400 шаршы метр. Мұнда 382 орынға арналған 158 бөлме бар. Әр бөлмеде 2 адамнан орналасады.

Жатақханада студенттер үшін ас бөлме, оқу залдары, санитарлық бөлмелер, жуынатын және демалатын, сондай-ақ коворкинг бөлмелер қарастырылған. Бейнебақылау орнатылған. Бірінші қабатта консьерж болады.

Студенттер үйін «Bastau Damu kz» компаниялар тобы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салды.

Жатақхананың бірінші кіре берісінде жігіттер, екіншісінде қыздар тұрады.

Қазір елде 7 мыңға жуық студентке орын жетіспейді. Дегенмен мәселе мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұған дейін ол ел президенті жатақханадағы орын тапшылығын жою туралы жауаптыларға тапсырма жүктеген болатын.

Ал Алматыда 29 мыңға жуық студентке жатақхана жетпей жатыр. Қалада жатақхана мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Биыл 29 мыңға жуық орын тапшы.