Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов елге оралғанда "өзіңізді басқалардан қарағанда назардан тыс қалдым деп ойламайсыз ба?" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
– Сізді Қазақстанда қалай күтіп алғанына көңіліңіз толды ма? Елдос Сметовті қалай қарсы алғанын көрдік. Көлік пен пәтер сыйлап жатыр. Сіз назардан тыс қалдым деп ойламайсыз ба? – деп сұрайды журналист спортшыдан.
Бұл сұраққа жауап берген Нариман Құрбанов Елдос Сметовтың медалін – тарихи медаль деп атады.
– Мені суперчемпион секілді қарсы алады деп үміттенген де жоқпын. Күрес, бокс, дзюдо – біздің елде алдыңғы қатардағы спорт екенін, ол жаққа көп қаражат құйылатынын білеміз. Біз, гимнастшылар – соншалықты бай федерация емеспіз. Спортымыз да керемет танымал емес. Сол себепті көлік тарту етіп, қарсы алады деп үміттенген жоқпын. Халықтың келгеніне көңілім толады, адамдар келді. Елдосқа көлік, пәтерді берді екен деп… Менде қалай болатынын әлі көреміз, – дейді Нариман Құрбанов Найза ньюс ақпарат көзіне берген сұхбатында.
Нариман Құрбанов көшесінде асфальт болмағанын айтады.
Еске сала кетейік, Париж олимпиадасында қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов тұтқалы ат жаттығуында күміс жүлдеге ие болды. Ол жаттығуы үшін 15, 433 ұпай алды. Ирландиялық Рис Маккленаган (15, 533) олимпиада чемпионы атанған. Қола медаль америкалық Стефан Недорошик иеленді - 15, 300. Бұл – Қазақстанның гимнастикадан олимпиада ойындарында алған ең алғашқы медалі.