Дарын Мубаров діндегі түрлі ағым өкілдерімен араларында келіспеушіліктер болғанын айтады.
Дарын Мубаров қазақстандық журналист, Youtube желісіндегі “Уақыт көрсетеді” каналының авторы Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, өзін қарғаған адам туралы айтты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Дінтанушы діндегі түрлі ағым өкілдерімен араларында келіспеушіліктер болғанын айтады.
«Сопыларды мен көп қолдай қоймаймын.Сол үшін олардың тарапынан маған реніштер болатын шығар. Өйткені сопылар бөлінеді. Қазақстанда ілгері уақытта сопылық болғанын айта кетейік. Кейінгі сопылар өрескел қателіктер жіберді.Құранға сәйкес келмейтін аруаққа сиынуға шақырып, дінде жоқ өрескел қылықтар шығарды. Жастар қазір діни ілімге құштар ғой, соны көрген соң олардың беті қайтып қалды.Сопылардың көбісін танимын. Мысалы, Исматулла Мақсым деген кісімен арамызда дискуссия болған. Құрбанәлі деген кісі бар. Осы кісілер Қазақстанда болмағанда Түркиядағы сопыларға біздің жастар еріп кетуі мүмкін еді. Бұлардың діни сауатының төмендігі, діни қағидаларды білмегендігі жастардың сопылықтан безуіне себеп болды.
Исматулла Мақсыммен ілім іздеп жүрген кезімде таныстым. Алматыда діни медресе ашылып жатқанын естіп, іздеп бардық. Ауғанстаннан керемет адам келді деген соң құрметпен іздеп бардық. Басында зікірлер болды, басқасы болды, бізде арабша білім болған соң сұрақтар туындай берді. Содан жеке қабинетте сөйлестік. Көңілінен шықпаған соң ол кісі мені қарғады. «Бір жылға етпей желкең үзілсін» деді. Өйткен дінге дұшпандық қылып жатсың деді. Бір-бірімізді түсіне алмадық. Сол кезде жаспын, менде де эмоция бар.
«Егер Алланың дініне зияным тиетін болса, бір күннен соң Алла желкемді қия салсын» дедім. Жалпы ондайым жоқ», - дейді ол.
Дарын Мубаровты көпшілік сыртынан салафизм мен уахабизмді таратушы ретінде айыптайды.
Өзін «вахабит» дейтіндерге қатысты жауабында Дарын Мубаров мешіт имамының саусағын шошайтып тұрып, «Сен вахабитсің!» дегенін айтады. Алайда өзі «вахабитпін» деп отырған жоқ. Нақты ештеңе айтпай, ол тақырыптағы жауабын сұйылтып та жіберді. Сұхбат барысында журналист әр тараптан сұрақпен қанша қыспаққа алса да сытылып шығып, сыдыртпа жауаппен құтылып отырды.