АЭС құрылысы: Алматыдағы қоғамдық тыңдау қалай өтті

Сырым Қаржас

Алматыда Қазақстандағы атом электр стансасы жобасы бойынша өткен қоғамдық тыңдауда АЭС құрылысын қолдағандар мен қарсы болғандар үлкен жиын ұйымдастырды. Залда ауқымды энергетикалық жобаны жүзеге асырудың экологиялық және әлеуметтік зардаптарына алаңдайтын мемлекеттік қызметкерлер, экологтар, ғалымдар мен қарапайым азаматтар болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

24.kz

Қоғамдық тыңдауда өз аргументтерін нақты ғылыми дәлелмен келтіре алмаған топ эмоцияға беріліп, қызылкеңірдек болып жатты. Тіпті ең белсенділері спикерлердің сөзін бөліп, микрофон беруді талап етті. Олар сөз сөйлеген мамандардың атом электр станциясын пайдаланудың тек оң жақтарын айтқанына наразы болды. Айтуларынша, мәселенің екінші жағы – теріс әсері айтылмай жатыр. Олар, негізінен, қоршаған ортаның ластануы, ядролық технологияның қауіптілігі, сондай-ақ жоғары тарифтер. Айтқандай, осы жоғары тарифтер электр энергиясын негізсіз қымбаттатады.

- АЭС салуды насихаттап жатқан Үкіметте де, үгітшілерде де ес жоқ. Бұл дегенің зиянды ядролық технология. Қоршаған ортаны, адам денсаулығын, болашақ ұрпақты ойлап жатқан ешкім жоқ, - дейді наразы үнмен белсенді.

Соған қарамастан Қазақстанда электр қуатының тапшылығы мәселесі бар. Ол еліміздің барлық өңірлері үшін өзекті. Оңтайлы шешім табу үшін энергияны қайдан аламыз деген сұрақтың жауабын жан-жақты, кешенді түрде іздеу керек.

- Қазір үйімізде электр энергиясы жеткілікті, бірақ жаңа өндіріс, қоймалар, тұрғын үйлер салынбауы керек, себебі электр энергиясының басы артық қоры жоқ, халық саны өсіп жатыр. Әсіресе, еліміздің оңтүстігінде электр энергиясы тапшы. Тұтынушы саны көбейіп жатыр, электр энергия жоқ, сондықтан оларға жұмыс жоқ, - деді Ұлттық Құрылтай мүшесі Марат Шибұтов.

Баяндамашылар сөзінен кейін белсенділер кәсіби энергетик Әсет Наурызбаевқа сөз беруді талап етті. 

- Бұл, негізінен, инженерлер жауап беруі тиіс сұрақтар екен. Азаматтарды қызықтыратын сұрақтар, біріншіден, біз өз ұрпағымызға таудай-таудай радиоактивті қалдықтарды "мұраға" қалдырамыз ба? Екіншіден, Балқаштан айырылып қалу қаупіне қаншалықты дайынбыз? Үшіншіден, біз ескі технологияға сеніп отырып, өсімдіктер әлемін құртып алмаймыз ба? Азаматтар осы үш тәуекелді бағамдап, атом электр стансасы керек пе, керек емес пе екенін айтуы тиіс, - деді «KEGOC» АҚ экс-басшысы Әсет Наурызбаев.

Борис Жапаров АЭС құрылысы тақырыбын азаматтар ғана емес, ғалымдар да толық түсінбейді деп есептейді. 

- Мемлекет басшысы жариялаған референдум – кемелденген қоғамға үндеу. Ал біздің кемел қоғамымыз лайықты бағасын беруі керек. Расында да әркім келіп өз пікірін айтады.

- Мен референдум өткізуге қарсымын, өйткені Қазақстанға қажет жоғары технологиялық жоба бойынша мұндай шешімдерді мамандар шешуі керек және бұл нысанның салыну-салынбауын тек құзырлы уәкілетті органдар ғана шешуі керек, - дейді инженер-энергетик Бақытжан Жақсалиев.

Қоғамдық талқылауды ұйымдастырушылар сұрақ қоям дегендерге микрофон ұсынған сәтте белсенді топ өкілдері эмоцияларын көрсетіп қалып жатты.

- Көпшілігі Балқаш маңайындағы Үлкен кентінен келді. АЭС салуды қолдап отырғандар бізде жемқорлықтың кесірінен айтылған уәденің ешқайсысы орындалмайтынын түсініп отырған жоқ. Оларға "сіздердің тұрмыстарыңыз жақсарады, бәрін жасаймыз" дегенге сеніп отыр, - дейді өзін Қазақстанның қарапайым азаматы деп таныстырған келіншек.

Қоғамдық талқылау уақыты ресми аяқталса да, наразы топтың үні біразға дейін басылмады. Марат Шибұтов атап өткендей, 19-шы қоғамдық талқылау жаман өтпеген секілді. 

Қарсы болып жатқандардың көбі ресейліктерге, Ресей технологиясына қарсы позициядағылар. Олар шешімді эмоциямен қабылдайды. Еліміздің болашағын, экономикасын, халықты, қажет электроэнергияны, жаңа жұмыс орындарын, инфрақұрылымды т.б. игіліктерді ойламайды. 25-30 жылдан кейін үйде майшам жағып отыруымыз керек пе сонда? - дейді Марат Шибұтов. 

Қоғамдық талқылау үш сағатқа созылды, пікір айтам дегендердің барлығы дерлік микрофон алды. Референдум өткенге дейін қоғамдық талқылауды енді Астанада ұйымдастыру ғана қалып тұр.