Маймыл шешегі Еуропаға жетті: ДДСҰ әлемдік төтенше жағдай жариялады

Сырым Қаржас

Африкадағы m-pox (маймыл шешегі) індетінің кең таралуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлем бойынша денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

dw.com

ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

Конгода бір аптаның ішінде індетті жұқтырудың 2000-нан астам жағдайы тіркеліп, вирус көрші елдерге тарай бастады. Дүниежүзі елдері, соның ішінде Қазақстан мен Қытай да вирустың алдын алу және оның таралуына жол бермеу үшін тиісті іс-шараларды күшейте бастады.

Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Конгода маймыл шешегінің жұқпалы штамының жылдам таралуына байланысты континентте денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жариялады. Өйткені қауіпті вирус көрші елдерге тарай бастады.

ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус әлем елдерін қауіпке ерекше назар аударуға және инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға шақырды. Қазіргі кездегі басты мақсат – Африкада вирустың таралуына тосқауыл қою және оның әлемнің басқа бөліктеріне таралуына жол бермеу.

ДЕРТ ТУРАЛЫ ДЕРЕК

Маймыл шешегі вирусынан туындайтын бұл ауру алғаш рет 1958 жылы Данияда зертханалық маймылдар арасында табылған. Вирустың адамға жұғуының алғашқы жағдайы 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасында тіркелген.

ӘЛЕМГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП

Маймыл шешегінің таралуы негізінен Орталық және Батыс Африкамен шектеліп келді. Бірақ 2022 жылдың мамырында Еуропа мен Солтүстік Америкада да тіркелді. 2023 жылы ауру ошақтары азайғанына қарамастан, вирустың таралуы жалғасып келеді. Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметтеріне қарағанда, өткен аптада ғана Африкада маймыл шешегінің 2000-нан астам жаңа жағдайы тіркелді.