Жамбылдағы жол апаты: Арыстанбаев жайлы жүрек тебірентер видео жарияланды

Сырым Қаржас

Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспаөз қызметі әлеуметтік желіде 17 тамыз күні қызмет барысында жол-көлік апатынан қаза тапқан полиция капитаны, 11 баланың әкесі Ғалым Арыстанбаев туралы жүрек тебірентер видео жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Видеоның мәтіні алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің “ШаҺид болған достарыма” деген өлеңімен басталған.

“Дүниеде ер жігіттің өлгені арман,
Қадірсіз айдалада көмгені арман.
Мехнатты, қайғы, қасірет, былғанышты
Бәрінен сұм дүниеге келгені арман”, деген Сәкеннің өлең жолдары денеңді түршіктіріп-ақ жібереді.

Сондай-ақ облыстық полиция департаменті қаза тапқан әріптестерінің ата-аналарына, жұбайлары мен балаларына, жақындары мен ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтады.

“Олардың жарқын бейнесі мен оң істері әрдайым жадымызда сақталады”, делінген желідегі жазбада.

Еске сала кетсек, 17 тамызда сағат 01:00 шамасында "Меркі - Шу - Бурылбайтал" республикалық маңызы бар автожолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 6 адам қаза тауып, 3 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгенін хабарлағанбыз. Сондай-ақ қызмет бабында қаза тапқан полицейдің бірі "100 жаңа есім" жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы, 11 баланың әкесі 46 жастағы Ғалым Арыстанбаев екенін де жаздық.

Ал оқиға болған күні көп ұзамай Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Жамбылдағы жол апатына қатысты әлеуметтік желі арқылы пікір білдіріп, тергеуді өз бақылауына алғанын мәлімдеді.