Астанадағы "Атырау" көпірінен көлікпен жүріп өткен тұрғын қамауға алынды

Ілияс Бақыт

Қоғамдық орында бола тұра тұра, орталық демалыс саябағында орналасқан «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде автокөлігін мемлекеттік нөмірсіз, «желікпелікпен» басқарған.

Фото: astana.citypass.kz

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Т.-ға қатысты іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі), деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДОСЫМЕН БӘСТЕСКЕН

Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушы Т. қоғамдық орында бола тұра тұра, орталық демалыс саябағында орналасқан «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде автокөлігін мемлекеттік нөмірсіз, «желікпелікпен» басқарған.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, автокөлікті жаяу жүргіншілер көпірінде басқару туралы досымен бәстескенін, жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Құқық бұзушының әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген деректермен, баянатпен, түсініктемлермен және бейнежазбамен дәлелденеді.

15 ТӘУЛІККЕ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Сот Т.-ның осы тектес әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын және әрекетіне өкінетінін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.


 

Жасалған әрекеттің сипатын, кінәлінің жеке басын, оның құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, істің мән-жайын ескере отырып, көпірдегі жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген адамды тәрбиелеу мақсатында, сондай-ақ жаңа құқық бұзушылық жасауға жол бермеу мақсатында, соттың қаулысымен Т. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

 

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.