Мәселені білмей тұрып ұстаздарды жазғыра беруді қою керек – Бейсембаев

Аян Өрібай

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қоғамда оқушыға байланысты әртүрлі дау-дамай туындағанда бірінші мұғалімін кінәлауды тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Бейсембаев не дейді

Министр мәселенің анық-қанығын толыққанды біліп алмай, шешім қабылдау дұрыс емес деп есептейді.

– Әрине, педагогтеріміз өз міндетін атқаруда қалыс қап жатқан жоқ. Балалардың білімі мен тәрбиесінде мұғалімдер үлкен еңбек сіңіріп жатыр. Оның нәтижесін дүниежүзілік олимпиадалардан да көріп жатырсыздар. Мұғалімдерге жауапкершілігін пайдаланып, кей кездері басқа да мәселелерді мұғалімдерге жүктегіміз келеді. Меніңше, педагог қауымына өте үлкен құрметпен қарауымыз керек, - деді министр Тамыз конференциясы алдында журналистердің сұрағына берген жаубаында.

Ол мәселенің анық-қанығына жетпей, ұстаздарды жазғыра беруден бас тартуымыз керек дейді. Қоғамда белең алған мұндай үрдісті тоқтатуға шақырады.

– Былтыр Павлодарда болған жағдайда да мектепте емес, мектептен тыс болған оқиғаға қатысты әкімдіктің директорға қолданған шарасын шұғыл қайтаруды талап еттім. Директор да, мұғалім де жұмысына оралды. Қазіргі Қызылордадағы жағдайда да анығын білмей жатып, мұғалімдерге, мектеп басшысына қатысты тиісті шешім қабылдауды дұрыс үрдіс деп есептемеймін. Ұстаз сыйлаған қоғамбыз. Сол себепті мұғалімдерге үлкен құрметпен қарауымыз керек. Егер жазасы нақты анықталса, онда заң алдында бәрі бірдей жауап береді, – дейді Бейсембаев.

Еске салсақ, шілде айының соңында Павлодар облысында 12 жастағы оқушының босанғаны белгілі болды. Кейіннен қыздың ата-анасы оның жүкті екенін білмегені анықталды.