Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға соттауды сұрады

Сырым Қаржас

Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша соттағы жарыссөз жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

Соттағы ағайынды Жүнісовтер – Абай, Алтай мен Қасым жәбірленуші болып танылған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша олар Гүлмира Сатыбалды қорқытқаннан кейін өз бизнесі мен жеке мүлкінен айырылған.

Прокурор бірінші болып жарыссөзде сөз сөйлеп, Гүлмира Сатыбалдыны 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Гүлмира Сатыбалды деген кім

52 жастағы Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Мамандығы – мұғалім. Екеуінің ортақ үш баласы бар (ұлы Бауыржан және екі қызы: Аружан мен Дария).

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыны қамауға алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Гүлмира Сатыбалды бизнесті рейдерлік басып алды деген күдікпен ұсталды. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында ол Қазақстаннан қашуға тырысқан.

Кейінірек ведомство іс рейдерліктен басқа, Шымкент Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 741 млн бюджет қаражатын ұрлау бойынша өтіп жатқанын айтты. Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеген.