Көлік министрлігі «Ашық НҚА» порталында министрдің «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) Үшарал – Достық ақылы негізде пайдалану туралы» бұйрығының жобасы орналастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Бұл жобалар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту Тұжырымдамасына сәйкес дайындалды. Жобаны қабылдау еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін пайдалануға және төлемді дамытуға мүмкіндік береді.
«Осыған сәйкес, осы учаскелер бойынша жол жүру ақысынан алынған ақша автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға, олар бойынша қозғалысты ұйымдастыруға және ақылы автомобиль жолдарын күтіп ұстау үшін қажетті жол-пайдалану техникасын сатып алуға бағытталатын болады», - делінген хабарламада.
Көлік министрлігі қазақстандықтардан осы жобаны қоғамдық талқылауға қатысуды сұрайды.