Ақтөбе облысының прокуратурасы тұрғын үй алу кезегін уақтылы түгендеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне талдау жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбе облысында 36 мыңнан астам адам, оның ішінде көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар кезекте тұр.
«Басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткен, еңбек қатынастары тоқтатылған және тұрғын үйді жекешелендіріп үлгерген 100-ден астам азамат баспанаға мұқтаждардың дерекқорынан шығарылмаған. Сонымен қатар, мұқтаж азаматтардың тізімінде қайтыс болған 11 азамат кезекте тұрған», - делінген хабарламада.
Талдау нәтижесімен коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезектегі тізімдерін түгендеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан дұрыс жүргізілмегені анықталды.
Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, заң бұзушылықтар жойылды.
Айта кетейік, бұған дейін екі баласы бар ана Астана әкімдігін сотқа беріп, жеңіп шыққан жазған болатынбыз.