Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевқа қарсы тағы арыз жазды

Сырым Қаржас

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтан Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін ағасы Айтбек Амангелді моральдық және материалдық шығынды өндіргісі келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Айтбек Амангелдінің арызы сот кабинетінде жарияланды. 

– Амангелді Айтбектің Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевқа материалдық залалды өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талап – арызы бойынша азаматтық іс бойынша дау мәніне дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар ретінде Амангелді Теміршотұлы Нүкеновті, Жұмағұл Көшерханқызы Нүкенованы тартсын, - делінген құжатта. 

Бұл мәселе бойынша сот отырысы 3 қыркүйекте сағат 11: 00-де өтеді.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.