Ресейде Украинаның Қазақстандағы экс-елшісі 6 жылға сотталды

Әлихан Асқақ

Мәскеудегі Басман соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийді сырттай алты жылға соттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 
 

ашық дереккөзден

Азаттықтың жазуынша, сот оны «ұлтқа және тілге бола өшпенділік пен араздық қоздырғаны үшін айыпты» деп таныды. Врублевский 2022 жылғы сұхбатында Украина әскерінің соғыста ресейлік сарбаздарды өлтіргенін мақұлдаған.

Врублевский 2022 жылғы 21 тамызда Қазақстанда жергілікті блогер Диас Құзайыровқа сұхбат берген. Соғыс басталғаннан кейін Украина азаматтарының ресейліктерге қарым-қатынасы туралы сұраған блогерге елші "қазір неғұрлым көп орыстың көзін жойсақ, балаларымыз соғұрлым аз жапа шегетін болады" деп жауап берген. Дипломат жауабында тек соғысып жүрген Ресей сарбаздарын меңзеді ме болмаса Ресейдің кез келген азаматы туралы айтты ма, ол жағын нақты түсіндірмеген.

Елшінің сөзі желіге тарап, қоғамда түрлі пікір тудырды. Ресей сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаның дипломатиялық ведомствосына наразылық білдірген. Кейінірек Қазақстан СІМ "Врублевский кешірім сұрады" деген ақпарат таратты. 2022 жылы қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатқан.

2024 жылы Ресейде Врублевскийдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ақпанда Росфинмониторинг Петр Врублевскийді "террористер мен экстремистер" тізіміне енгізді. Наурызда Мәскеудің Басман соты оны сырттай қамауға алды, сол кезде Ресей ішкі істер министрлігі Петр Врублевскийге халықаралық іздеу жариялады.

2023 жылы мамырда Киев Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметіне Сергей Гайдайдың кандидатурасын ұсынған, бірақ Астана оны бекітпеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі оның "себебін түсіндірмей-ақ бас тартуға хақымыз бар" деген.