"Тышқан" енді тығылмайды: қылмыстық топ мүшесі қалай федерация басқарып отыр

Ulysmedia

Бес күннен кейін Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. 7 күнге созылатын додаға әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық қатысушы келмек. Елімізде осынау айтулы аламан болады дегеннен-ақ бұған дейін аса назарға іліне қоймаған ұлттық спорт түрлерін түгендеуші де, оларды дамытуды мойынға алған федерацияларды түртпектеуші де көбейгені жасырын емес. Біз олардың қатарына кіруді көздемесек те, редакциямызға келіп түскен ақпараттар ұлттық спорт атын жамылған кейбір ұйымдардың жұмысын майшаммен қарауға итермеледі. Солардың  бірі – ҚР Жаппай көкпар федерациясы.

ulysmedia

БҰЛ ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?

Осыдан бір ай бұрын ақпараттық порталдар ҚР Жаппай көкпар федерациясы Туризм және спорт министрлігінен ресми акредиттеуден өткенін сүйіншіледі. 2 жыл бұрын құрылған ұйымның мөр басылған құжат алғаны ешкімді елең еткізе қоймаған. Алайда күні кеше сенімді дереккөзден келіп түскен мәліметтер осы федерация басшылығының көп құпиясын әшкереледі. Оны жайып салмас бұрын оқырманға жаппай көкпар ойыны және оның атын арқалаған ұйым жайлы аз-кем ақпарат берсек.

ҚР Жаппай көкпар федерациясының ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, жаппай көкпар – ұлттық ат спорты ойындарының бірі, Орталық Азия халықтары арасында кең тараған. Көкпардың көпке белгілі түрі – дода тартыстан айырмасы – жаппай тартыста көкпарға әркім өзі иелік етуге тырысады.

2022 жылы құрылған федерация биылға дейін бейресми жұмыс істеп келіпті. Өңірлердің бәрінен бір-бір филиал ашып алған. Айтуларынша, 2 жылда біраз істің басын қайырған.

«Халық арасында өте кең таралған ұлттық спортымыздың ережесін жазып, бекітті. Жаңа ережеге сай тәртіп бұзған спортшыларға қатаң жаза қолданатын болды. Нәтижесінде жаппай көкпардағы тәртіпсіздік азайды. Үздік шабандоздарға жүлде тағайындалды. Серкенің салмағы бекітілді. Тиісінше ұлттық спортымыздың жанкүйері көбейіп, барлық көкпардың деңгейі теңесті. Бұған дейін жаппай көкпарда біріңғай ереженің сақталмауынан ат пен адамға төнетін қауіптің болғаны жасырын емес. Ендігі бұл спорт түрінің кем-кетігін түзеу үшін ереже мен талап күшеймек. Алдағы уақытта өтетін барлық ойындар енді ҚР Туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің тікелей бақылауымен жүзеге асады», - делінген федерация сайтында.

Жаппай көкпар федерациясының қызметі жайлы кеңірек білу үшін Ұлттық спорт қауымдастығына хабарлассақ, бұл ұйымның құрамына кірмейді екен. Федерацияның өз сайтында көрсетілген жалғыз нөмір арқылы байланыссақ деген әрекетімізден де нәтиже шықпады.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПТЫҢ СЕРКЕСІ

 Ұйымның ғаламтордағы ресми ресурстарына сенсек, жұмысы дөңгелеп-ақ тұр екен. Басшысы да желіде белсенді. Федерация президенті Ғани Дирмановтың Instagram парақшасына 520 мыңға жуық адам жазылған. Жүктеген сурет-видеоларынан көкпарды да, өзін де «брендке» айналдыруға ұмтылысы менмұндалап тұр. «Осы жігіттің көкпарды басқарғаны дұрыс болды. Елдің намысын ойлайды екен», «Бөлексің ғой, қажеке. Алла күш-қуат берсін» деп онысын қолдап-қолпаштаушылар да көп. Жұрт Дирмановты Алласын аузынан тастамайтын қажы ретінде, ұлттық ойынды дәріптеп жүрген ұлт жанашыры ретінде танығанымен, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болғанын, бұзақылық жасап, кісі өлтіргені үшін сотталғанын білмесе керек.

Иә, қолымызға түскен деректерде оның 2004 жылы бұзақылық жасағаны үшін, ал 2011 жылы кісі өлтіргені үшін істі болғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. 2011 жылдың қаңтарында Дирманов сыбайластарымен бірге екі адамға оқ атқан. Бірі сол жерде жан тапсырып, екіншісі ауыр жараланған. Қылмыскерлер оқиға орнынан із суытып, төрт айдан кейін ғана арнайы операция кезінде ұсталған-ды. Электронды үкімет сайтындағы деректер бойынша, Ғани Дирманов заңсыз қару сақтағаны және кісі өлтіргені үшін 6 жылға сотталған.

«ТЫШҚАННЫҢ» «КРЫШАСЫ» КІМ?

Қылмыс әлемінде «Тышқан» лақап атымен танылып, кезінде шымкенттіктерді әбден шулатқан Дирмановтың бүгінде федерация басқарып, министрлік қанаты астында жұмыс істеп жүргені әділетті Қазақстаннан әлі де күдерін үзбегендерді біржола түңілдірді.

(Солдан оңға қарай Ғани Дирманов пен Бақдәулет Сәбитов)

Оның ресми акредиттеуден қалай өткеніне келсек, дереккөз Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитовпен тығыз байланысы барын алға тартады. Екеуі жерлес, спортқа қатысты жиындарда үнемі қатарласа  жүреді, желіде бірге түскен суреттері де жетерлік. Өзінен он жас кіші болса да Дирманов Сәбитовты «крыша» тұтады деседі. Жас деген сөз боп па, тәйірі?! Қызметі, шені жоғары болса, пәле-жаладан қалқаласа, болды емес пе.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚҰЖАТ

Жаппай көкпар федерациясына жұрт назарын аударған тағы бір жайт – Түркістан облысы «Жаппай көкпар федерациясы» қоғамдық бірлестігіне жаңа төрағаның сайлануы. Жуырда желіде сол бірлестіктің мемлекеттік тіркеуден өткені жөніндегі анықтаманың скриншоты тарады.

Суретке анықтап үңілген адам құжаттың қолдан жасалғанын аңғармай қоймайды. Ұйым орналасқан елді мекеннің атауы, жетекшісінің аты-жөні жазылған тұсы түзетілген. Дирмановтың парақшасындағы видеолардан Асқар Перналиевты бірлестік мүшелері бірауыздан сайлағанын көруге болады. Алайда оның аты жазылған құжатты қолдан жасау кімге, не үшін  қажет болғаны беймәлім.

P.S. Материал Туризм және спорт министрлігі басшысының ауысып жатқан тұсында жазылды. Енді жаңа министр Ербол Мырзабосынов бұл мәселеге назар аударады деген сенімдеміз.