Түсінікпен қарауы керек– Министр Халық әртісіне дөрекілік көрсеткен Air Astana жайлы

Аян Өрібай

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік көрсеткен Air Astana қызметкерлерінің әрекетіне байланысты сұраққа жауап берді. Ол Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның пікірін құптайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Шаққалиев не дейді

– Бұл тұрғыда тиісті ережелер бар екені түсінікті, бірақ мәселенің этикалық жағына да қараған жөн. Ол кісіге ұшаққа жету қиын болды. Менің ойымша, осы жағдайда әуежай қызметкерлері түсінікпен қарап, қолдау көрсетуге болар еді. Атап айтқанда,  жүріп-тұруы қиын кез келген басқа да адамдарға қамқорлықпен қарағаны жөн, - деді министр Сенаттағы брифинг барысында.

Оқиға жайлы

Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana әуе компаниясы Астанадан Алматыға ұшпақ болған Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік көрсеткені қоғамда резонанс туғызған. Осы тұста продюсер, қоғам белсендісі Лека Савальева әуе компания президенті Питер Фостерге үндеу жолдап, болған жағдай үшін кешірім сұрауын талап еткен. Әуе компанияның қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының денсаулығы сыр беретіні, яғни омыртқасында ақау бар екені хабарланған. Арбаға таңылған өнер иесін қызы шығарып салмақ болған. Бірақ кенеттен оларды Air Astana қызметкері тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші болып отырғызылатынын, ал кешіккен жағдайда соңғы жолаушының өткенін күту керек екенін айтқан.