Сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың – депутаттар үндеу жасады

Сырым Қаржас

Мәжілістің бір топ депутаты уақыт белдеуіне өзгертуге байланысты үндеу жасап, алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында мәселе көтерілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

“Тыңдау өткіземіз”

– Мыңдаған халықтың арыз-шағымы, тілегіне орай арнайы мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. Бүгін “Аманат” фракциясының Мәжілісте арнайы жиынын өткіздік. Осындағы әріптестеріміз куә: өңірлерді аралаған кезде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облысы, Жетісу өңірінде халық тарапынан ең көп қойылған сұрақ – уақыт белдеуіне байланысты болды. Ел бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр. Бәлкім, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар. Бірақ Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атады. Сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың. Кешкі бес-алты тасқараңғы. Екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар, – дейді Мақсат Толықбай бастаған бір топ депутат.

Мәжілісмендер жер үлкен болған соң георафия бойынша уақыт белдеуі денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша энергия артық шығындалып жатқаны алдын ала зерттелуі керек еді дейді. 

– Сондықтан, бүгін арнайы фракцияның жиынын өткіздік. Уәде еткендей алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында Үкімет мүшелерін, ғалымдарды, мамандарды шақырып, тыңдау өткіземіз. Нақты ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар. Үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал етеміз, – дейді олар.

Мақсат Толықбайдың ізімен Нұртая Сәбилянов та Абай облысына барғанда осы мәселені халық көп көтергенін айтады.

Петиция

Шенеуніктер бұған дейін уәде еткендей, енді Үкіметте Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қарау үшін жұмыс тобын құрылуы тиіс. Себебі ірыңғай уақыт белдеуіне қарсы ресми петиция 50 мың қол жинаған. Министрлік бірақ жаңа уақыт белдеуін қалдырды.

Жаңа уақыт белдеуі

Қазақстанда биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Үкімет басшысы таяуда Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы қаулыға қол қойған еді. 

Таяуда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұрынғы уақытты қайтару жөнінде талапқа жауап берді. Оның сөзінше, ұсыныс алдағы уақытта қайта қаралады.