Белсенділер жастарды міндетті армиядан босату жөнінде петиция жариялады

Сырым Қаржас

Маңғыстау облысындағы полигонда сарбазға оқ тиіп қаза болғаннан кейін қазақстандықтар елдегі міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Петиция e-Petition сайтында жарияланған. 

Мәтінде Қазақстанда мерзімді қызметті жою керектігі жазылған.

"Жарғылық емес қатынастарға, дайындыққа немесе медициналық бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты жазатайым оқиғалар, суицидтер және басқа трагедиялар мерзімді қызметті жалғастырудың орындылығына күмән келтіреді", – делінген мәтінде.

Автордың пікірінше, Қазақстан армиясындағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептерінің бірі - "дедовщина". Толық психологиялық дайындық пен бейімделуден өтпеген әскерге шақырылушылар өзінің алдындағы сарбаздардың зорлық-зомбылығы мен қысымының құрбаны болады. Бұл ауыр психологиялық жарақаттарға және тіпті суицидке әкеледі делінген өтініште. 

Петицияға қол енді ғана жиналып жатыр.

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында “байқаусызда оқ тиіп”, көз жұмған сарбаздың әкесі кеше мәлімдеме жасаған еді. Әкесі баласының абайсызда өлім құшқанына сенбейді. Ол Қорғаныс министрінен бұл жағдайды өз бақылауына алып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етті.

Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында сарбаз көз жұмғанын хабарлағанбыз. Қайғылы оқиға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Бейресми ақпаратқа сәйкес, 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.