Израиль Газа секторының гуманитарлық аймағына соққы жасады

Сырым Қаржас

Израиль армиясы Газа секторындағы гуманитарлық аймаққа әуеден шабуыл жасады. Салдарынан Палестинаның ондаған бейбіт тұрғыны қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Израиль не дейді 

Израиль армиясы 10 қыркүйек, сейсенбіге қараған түні Палестинаның радикалды Хамас қозғалысының командалық орталығына жасалған соққыдан "жоғары дәрежелі террористердің" көзі жойылғанын хабарлады.

Палестина тарапы не дейді

Палестина құтқару қызметінің хабарлауынша, Газа секторының оңтүстік бөлігіндегі Хан Юнистегі әл-Мавази гуманитарлық аймағына соққы кезінде 40 адам қаза тауып, тағы 60 адам жараланып, айналасындағы ауруханаларға жатқызылған.

– Біздің бригадалар әлі де жоғалған 15 адамды құтқаруға тырысып жатыр, – деп атап өтті қызмет.

Палестинаның Азаматтық қорғанысы Израильдің соққысынан үлкен шұңқырлар пайда болғанын хабарлады.

– Әл-Мавазидегі қырғынның құрбандары денелері құм үйінділерінің астында және терең шұңқырларда жоғалып кеткен бүкіл отбасылар болды, – деп келтіреді DW.