Бұл не деген батпан құйрық: 20 млрд доллар инвестицияның артында «Ескі Қазақстан» тұрған жоқ па

Аян Өрібай

Бұл мәселені депутаттар Парламентке келген Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың алдында көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

КОМПАНИЯ ҚАНША СОМАҒА САТЫЛАДЫ

«МОБАЙЛ ТЕЛЕКОМ-СЕРВИС» компаниясын сату жобасы туралы сөйлеген Байбазаров «Қазақтелеком» АҚ-ның «МОБАЙЛ ТЕЛЕКОМ»-СЕРВИСІН» қатарлық «Power INTERNATIONAL HOLDING» компаниясына сатуы телекоммуникация саласын ырықтандыруға және бәсекелестіктің өсуіне ықпал ететінін айтады. Шетел компаниясы жалпы Қазақстандағы 9 жобаға 20 млрд доллар инвестиция салғалы отыр.

– Қатарлық «Power INTERNATIONAL HOLDING» компаниясының Теле2-ге салған инвестициялары озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейтуге және халықаралық стандарттарға сәйкес бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.

БҰЛ НЕ ДЕГЕН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров ертең Теле 2 операторын Катар мемлекеті сатып алғаннан кейін тарифті көтеріп жібермей ме деп сұрақ қойған. Байбазаров мұндай қауіптің жоқтығын айтады. Ал Ермұрат Бапи “мұның артында Ескі Қазақстан тұрған жоқ па?” деген уайымын айтып қалды.

– Бұл не деген батпан құйрық!? Саудия, Катар секілді елдерден келіп жатқан әріптестіктің артында “Ескі Қазақстан тұр” деген сарапшылық пікір бар. Біз бұған дау келтіріп жатуға мүмкіндік жоқ. Бәлкім, жуып-шайып ол ақшасын алып кететін шығар!? Құп! Бірақ осы елдерден келетін инвестициялардың діни идеологиялық жүктемесі жоқ па? Осы жобалардың астындағы бір пунктте “0,бәләмбай пайызы, бір-екі пайызы үкіметтік емес діни ұйымдарға жұмсалады деген талап бар. Осы талап біздің ұлттық мүддемізге, сыртқа теріс діни идеялық қатерге соқтырмай ма?Осы жағы тексеріле ме? – деп сұрады Ермұрат Бапи.

БАЙБАЗАРОВТЫҢ ЖАУАБЫ 

Байбазаров діни жағына тоқталып, бұл келісімді заңды мемлекеттік органдар қабылдайтынын айтады.

– Сондықтан, бұл жерде ондай тәуекелдер жоқ деп ойлаймын. Құқық қорғау органдарының сараптаамсынан өтеді. Бұл жақта ешқандай “Ескі Қазақстан” жоқ. Катар елі қазір бүкіл әлемде осындай белсенді инвестициялық саясат жүргізіп жатыр. Олар Еуропаның футбол клубтарына дейін сатып алып жатыр. Сондықтан бұл өздерінің байлығы. Оны инвестициялап жатыр. Бұл дұрыс практика, – дейді Байбазаров.

Министрдің айтуынша, инвесторларға рақмет айтуымыз керек деп есептейді.

– Бүкіл Парсы шығанағының мемлекеттік органдары келді. Олардың да ойы – Қазақстанға 7-10 млрд доллар инвестиция салуға дайын. Сондықтан, біз осындай инвестициялармен жұмыс істейміз. Қандай шарттармен келетінін біз қараймыз, – дейді ол.

Байбазаров бәрін тексеруге “Самұрық-Қазына” қоры да міндетті екенін айтады.