ХІХ ғасырда қазақ даласын зерттеген неміс зерттеушілерінің кітабы жарыққа шықты

Сырым Қаржас

Неміс зерттеушілері Отто Финш пен Альфред Брэмнің «Путешествие в Казахские степи» еңбегі жарыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зерттеушілер жазбаларында қазақ даласының теріскейі мен шығыс жағы, атап айтқанда Павлодар, Семей, Сергиополь (қазіргі Аягөз), Лепсинск, Зайсан, Зырян (қазіргі Алтай) және Өскемен өңірлерінде алған әсерлері мен көргендерін жариялаған.

Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұқарбай айтып берді.

– Соңғы 1,5 жыл ішінде біраз архивтерді, мұрағаттарды ақтарып, 150-дей дереккөзбен танысып шықтық. Соның ішінен 20-дай өзім іріктеп алдым. Ары қарай шығара береміз деп. Таза тарих сериясына келетін болсақ бұл таза демеушілікпен жарық көретін серия. Біз еліміздің кәсіпкерлеріне, компанияларына шығамыз, осындай жобамыз бар, осындай тарихи сериямыз бар, оның маңызы міне, оның пайдасы осы деп, сондықтан қолдау сұраймыз басып шығаруға. Сөйтіп демеушілік көрген бойда біз тізімдегі өзіміз үшін іріктеген кітаптарымызды басып шығара береміз. Міне 12-шісін шығарып жатырмыз. Әлі де іріктеп қойған 20-дай кітап бар. Қазаққа қатысты тың деректер барлығы, – дейді AmalBooks баспасының иесі Бақытжан Бұқарбай.

Неміс ғалымдары далның өсімдіктер мен жануарлар әлемін сипаттаумен қатар, қазақ халқының өмір салты туралы егжей-тегжейлі айтып, біздің сол кездегі тұрмыс, ұлттық киімдер мен тағамдарды жазып кеткен.