Орталық Еуропадағы су тасқыны: 16 адам қаза тапты

Қалижан Бектемір

Өткен демалыс күндері Орталық Еуропада болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 16-ға жетті және күн өткен сайын өсіп жатыр. Дүйсенбіде Чехияда, Польшада және Аустрияда жаңа құрбандар тіркелді; Румынияның шығысында бүкіл ауылдар су астында қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: REUTERS

НӨСЕР ШАҚЫРАТЫН БОРИС ДАУЫЛЫ

BBC-дің жазуынша,  табиғи апаттар орталық және Шығыс Еуропаға қатты нөсер әкелген Борис дауылынан туындайды. Польшаның оңтүстік-батысында орналасқан  қалашық мэрі Кордиан Колбярц жергілікті тұрғындарды бөгет  бұзылып, жақын маңдағы көл қаланы басуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды биік жерлерге көшуге шақырды.

"Заттарыңызды, өзіңізді, жақындарыңызды эвакуациялаңыз. Ғимараттың жоғарғы қабатына бірден көтерілу керек, өйткені толқынның биіктігі бірнеше метрге жетуі мүмкін. Бұл бүкіл қаланы су басады дегенді білдіреді, - деп жазды әкім.

ПОЛЬША КӨМЕК СҰРАЙДЫ

Польшаның Премьер-министрі Дональд Туск су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке миллиард злоты (шамамен 260 миллион АҚШ доллары) бөлінетінін айтып, Польша ЕО-дан көмек алуға өтініш беретінін жеткізді.

Туск Үкіметі төтенше жағдай жариялады. Бүкіл ел бойынша мыңдаған адам эвакуацияланды.

Көптеген жерде жолдар шайылып, су басқан, пойыздардың қозғалысы тоқтаған.

СУ ДЕҢГЕЙІ 9 МЕТРГЕ КӨТЕРІЛГЕН

Словакияда Дунай Братиславаның ескі бөлігін басты. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, су деңгейі 9 метрге көтерілген, одан әрі де көтеріле беруі мүмкін. Дунайдың төменгі жағында орналасқан Венгрия алдағы күндері су тасқынына дайындалып жатыр.

Су тасқыны Дунай бойындағы 500 км аумаққа қауіп төндіреді. Өзен әр 24 сағат сайын бір метрге көтерілуде. Венгрия астанасы Будапешт мэриясы су тасқынынан қорғау үшін миллион қап құм дайындады. Қаладағы кейбір трамвай желілері жұмысын тоқтатады, өзен бойындағы жолдар дүйсенбі күні кешке жабылды. Будапешт пен Вена арасындағы пойыздар қозғалысы да тоқтатылды.

Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан Х-да (бұрынғы Twitter):

«Ауа-райының қолайсыздығына және Венгриядағы су тасқынына байланысты»  барлық халықаралық сапарларды кейінге қалдырғанын айтты. Будапештте Дунай өзенінің бойына құм салынған сөмкелер қойылып жатыр.

“АДАМДАР ҮМІТСІЗ"

Жауын-шашынның ең көп мөлшері Чехияда болды. Солтүстік-шығыстағы Есеник қаласында бейсенбі күні таңертең 473 мм жауын-шашын болды, бұл - орташа айлық нормадан бес есе көп. Аустрияның Сент-Пельтен қаласында төрт күн ішінде 1950 жылғы ең жаңбырлы күзден де көп жауын-шашын түскен.

Аустрияда зардап шеккен аймақтарға көмекке сарбаздар жіберілді. Елдің Климат министрлігі қалпына келтіруге 300 миллион еуро бөлінетінін хабарлады.

Румынияның шығысында бүкіл ауылдар мен қалалар су астында қалды.

"Егер сіз осында болсаңыз, бірден жылайтын едіңіз, өйткені адамдар үмітсіз, олардың бүкіл өмірі жұмыста өтті, мүліктерінен тек киімдері қалған адамдар бар, — деді Слобозия-Коначи коммунасының мэрі Эмиль Драгомир журналистерге.

Сейсенбіде, яғни бүгін Аустрияда, Чехияда және Германияның оңтүстік-шығысында тағы 100 мм  жауын-шашын болады деп күтілуде. Су тасқыны тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін, бірақ аптаның ортасынан бастап Орталық Еуропадағы ауа-райы жақсарып, әлдеқайда құрғақ болады.