Бүгін Ақтөбенің № 2 сотында облыстық ТЖД жанындағы құтқару қызметінің 27 жастағы диспетчеріне үкім шықты. Әділ Калидолла "немқұрайлылық" бабы бойынша айыпталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ЖАҒДАЙ
9 маусымда сағат 12:18-де құтқару қызметіне 55 жастағы Клара Сұлтанбаева қоңырау шалады. Әйел өзін әлдекім автокөлікте қауіпсіздік белбеуімен тұншықтырып жатқанын айтқан. Сол күні ол Toyota Camry автокөлігін сатуға шыққан.
Әйел бұл ешқандай әзіл емес, шындық екенін жанұшыра жеткізген. Тіпті "олар мені өлтіреді!" деп қатты айқайлаған. Бірақ қоңырауды қабылдаған құтқару қызметінің диспетчері Әділ Калидолла тек мекен-жайын нақтылаумен шектелген. Жағдайды анықтау үшін қайта қоңырау шалмаған. Көмек жібермеген. Салдарынан Клара Сұлтанбаева қаскөйлер қолынан қаза тапқан.
АҚТАЛУ
Сотта Қалидолла тек қатты айқайларды естігенін және оны отбасылық-тұрмыстық жанжал деп қана қабылдағанын айтты.
ТАРАПТАР ТАТУЛАСҚАН
Жәбірленушінің әпкесі Мадина Дүкенбаева жазалау шарасын сотқа таңдауды сеніп тапсырды. Ол 5 миллион 300 мың теңге көлемінде моральдық және материалдық зиянды өтеу туралы бұрын қойылған талап-арыздан бас тартты. Тергеу барысында тараптардың медиативтік келісімге келгені анықталды. Татуласқаннан кейін зардап шеккен тараптың барлық залалы өтелген..
Прокурор үш жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот айыптау талабын толығымен қанағаттандырды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.