«Қоғам қайраткері» деген кім, ұғым неге құнсызданып кетті – журналис жауабы

Ілияс Бақыт

Журналист Ерболат Мұхамеджан желідегі парақшасында бірнеше мың жазылушысы немесе бірнеше форумға қатысқан кез келген адам өзін қоғам қайраткері деп санайтынын айтып ойлы жазба жариялады. Ол осы ұғымның мағынасы қандай және неге құнсызданып кетті деген сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Әлеуметтік желіден

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ДЕГЕН КІМ

Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, ең әуелі қоғам қайраткері деген атақты біреуге телімес бұрын қоғамға қызмет деген сөздің астарына үңіліп көру керек. 

“Біріншіден, қоғамға қызмет дегеніміз – жай ғана талқылауға қатысу немесе іс-шараларға барып суретке түсіп сол бойынша пост жазу емес. Бұл нақты әлеуметтік, экономикалық, ағартушылық немесе мәдени мәселелерді жүйелі түрде шешу. Шынайы қоғам қайраткерлері реформалар жүргізеді, адамдардың өмірін жақсартатын жағдайлар жасайды, халықтың мүддесін қорғап, олардың құқықтары үшін күреседі. Егер сенің жалғыз белсенділігің – лайк жинап, әлеуметтік желіде пікір қалдыру болса, сен қоғам қайраткері емес, жай ғана әлеуметтік желі белсендісі боласың,” дейді журналист. 

“ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ”

Одан соң қоғам қайраткері деген жай ғана атақ емес. Яғни оны қалаған адам өз-өзіне қоя алмайды. Ол азаматқа белгілі бір дәрежеде жауапкершілік жүктейді. 

“Шын қайраткерлердің артында ірі жобалар тұрады, олардың нәтижелері адамдардың өмірінде пайдаға асады. Бұл мектептер салу, инфрақұрылымды дамытуға көмек беру, әлеуметтік топтарға нақты көмек көрсету болуы мүмкін. Ал біз не көреміз? Өзін қоғам қайраткері деп атап жүрген көптеген адамдар шын мәнінде тек өзін жарнамалаудан басқа ештеңе ұсынбайды, деді Мұхамеджан. 

Журналистің пікірінше, қоғам қайраткері болу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болу маңызды.

“Бірақ мәселелерді шешуден гөрі, жеке басының жарнамасымен көбірек айналысатын адамдарға қалай сенім артуға болады?”  деп ойлы сауал тастайды журналист. 

СЕНІМДІ ТӨМЕНДЕТЕДІ

Қалыптасқан жағдай шын мәнінде халықтың игілігі үшін қызмет етіп жүрген қоғам қайраткерлеріне деген сенімді төмендетеді дейді журналист. Сондықтан  “Қоғам қайраткері” деген атақ шынайы қайраткерлерге ғана тиесілі болуы тиіс – қоғамды алға сүйрейтіндерге, ал тек өз мүддесін ойлайтындар бұл мәртебеге лайық емес деген ойын жеткізеді. 

БАТЫС ТӘЖІРИБЕСІ НЕ ДЕЙДІ 

Ерболат Мұхамеджан батыста бұлт түсінікке көзқарас өте салмақты екенін жеткізді.

“Батыста бұл ұғымға деген көзқарас әлдеқайда қатаң. Егер сен қоғам қайраткері атансаң, сенің әрекеттерің де сол атаққа сай болуы керек. Әлеуметтік жауапкершілікті, шынайы реформаларды, нақты нәтижелерді талап етеді. Жалған қайраткерлер тез әшкере болып, қоғамның теріс айналуына әкеледі,” дейді ол. 

Сөз соңында бұрын үлкен кісілер өзін “қоғам қайраткері” деп таныстыруын өтінсе, қазір кейбір жастар сол лекке ілесіп бара жатқанын айтып түйіндеді. 

ЕРБОЛАТ МҰХАМЕДЖАН

Ерболат Мұхамеджан Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономика Университетін “Экономика”мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Әр жылдары “Дана жол” қолданбалы экономика орталығында экономист-талдаушы, Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-де оқытушы, KAZGUU-дің Экономика, бизнес және әлеуметтік ғылымдар Жоғары мектебінде аға оқытушы, “Қазақстан” РТРК-да редактор-тележүргізуші болып еңбек еткен. ШҚО Үржар ауданы әкімінің аппаратында, сондай-ақ “Atameken TV” арнасында бас продюсердің орынбасары, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі қызметін атқарған.

Қазіргі уақытта Jibek Joly телеарнасында “Уәде” бағдарламасының жүргізушісі.