«70 593 шаршы метр»: Қазақстан АҚШ-қа 49 жылға жалға жер берді

Қалижан Бектемір

Қазақстан АҚШ-қа 49 жылға жалға жер берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: egemen.kz

ҚР Үкіметі қаулысында жер Алматы қаласындағы Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу және пайдалану үшін берілетіні айтылған.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне Алматы қаласындағы АҚШ-тың консулдық мекемесінің ғимаратын салу үшін жер учаскесін жалға беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын, – делінген қаулыда.

Келісім жобасына сәйкес Алматы қаласындағы Жамақаев көшесі, әл-Фараби даңғылы, Сейфуллин даңғылы, Алдара Көсе көшесінің арасында орналасқан жер учаскесі жалға беріледі. Жалдау мерзімі шарт жасалған күннен бастап 49 жыл деп есептелінген. Бұл ретте жалдау мерзімі тағы 49 жылға ұзартылуы мүмкін. Учаске ауданы – 70 593 шаршы метр.

"Жалға алу ақысы (жалпы ұзақтығына шектеусіз) 25 301 016 доллар және осы келісім күшіне енген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде бір реттік төлеммен төленеді", – делінген келісім жобасында.