«Басынан тепкен». Алматыда үш адам автобуста төбелес шығарып, жүргізушіні талдырып тастаған

Меліс Сейдахметов

Алматыда түнде қоғамдық келікте үш ер адам бір жолаушыны жабыла ұрып, араша түскен адамдарды да төпелей жөнелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

НЕ ЖАҒДАЙ

«Үш адам кенеттен шу шығарып, жабылып бір жолаушыны ұра бастады. Артынша араша түскен саландағы өзге адамдарға тарпа бас салды. Біреуі тіпті әйел адамға қолын сермеп, ұрып үлгермей қалды. Айқай-шудан автобус жүргізушісі көлікті тоқтатып, бұзақыларды тыныштандыруға тырысқан. Бірақ бұл оларды ашуландыра түсіп, жүргізушіге жабыла кетті» делінген Qumash телеграм арнасының ақпаратында.

ЖҮРГІЗУШІНІ ТАЛДЫРЫП ТАСТАҒАН

Ақпаратқа қарағанда бұзақылардың бірі жүргізушіні қылқындырып салоннан алып шығып, жерге құлатқан. Екеулеп жүргізушіні басынан теуіп, үшіншісі көмектескісі келгендерді жібермей тұрған. Салдарынан автобус жүргізушісі есінен танып қалып, бұзақылар қашып кеткен.

Араға уақыт салып жүргізуші есін жиып, жуынып, жолаушыларды жеткізу үшін маршруты бойынша қозғалып кеткен.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖАУАБЫ

Оқиғаға байланысты әзірге ресми ақпарат шықпады. Алматы қаласы полиция департаменті Ұлысмедиа тілшісіне оқиғаны нақтылайтынын мәлім етті.