Қазақстан азаматтары Ресейге көп барғысы келмейді: себебі неде

Аян Өрібай

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Ресейге барғысы келетін қазақстандықтардың саны азайғанын айтады. Оны Ресейдегі заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістермен байланыстырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

smartik.ru

“ӘСЕРІН ТИГІЗДІ”

Ресейде болған оқиғалардан кейін Орталық Азия елдерінің билігі азаматтарын Ресейге барудан бас тартуға үндей бастаған. Росстат мәліметтеріне сәйкес, расында да, Орталық Азия елдерінен Ресейге баратын еңбек мигранттарының саны азайған.

– Ресейде миграциялық заңнама қайта қаралып жатыр. Бұл жағдай біздің азаматтардың Ресейге миграциясына ішінара әсер етті. Былтырғы жылмен салыстырсақ, бізде Ресейге азаматтарымыздың бару динамикасы азайды. Қазір сандар бойынша нақты айта алмаймын. Жалпы, бұл үрдіс әлбетте әсерін тигізеді, – дейді ол.

Десе де, вице-министр бұл динамиканың тек уақытша сипаты бар деп есептейді. Оның құбылмалы болуы мүмкін екенін де ескертеді.

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ

Көші-қон комитетінің төрағасы Ерболат Абулхатин шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау шаралары және босқындармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның сөзінше, бүгінгі таңда кәсіптік дағдыларды арттыру курстарынан, тіл курстарынан өту үшін объектілер айқындалған. Бірыңғай тарифтер бекітіліп, ізденушінің кәсіптік және тілдік даярлық орталықтарында даярлықтан өтуінің қадамдық алгоритмі айқындалған.