Маңғыстау облысында әйелді ұрған ер адам полицейлерге де шабуылдаған

Қалижан Бектемір

Маңғыстау облысының тұрғыны жедел жәрдем мен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ӘЙЕЛГЕ ДЕ ҚОЛ ЖҰМСАҒАН

Алдын ала келтірілген дерекке сәйкес, ол әйел адамға қол жұмсап, зардап шегуші көмек сұрауға мәжбүр болған.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқыс оқиға 20 қыркүйекте Бейнеу ауданында түстен кейін болғанын айтты.

ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ

Билік өкіліне қатысты қатер төндіру немесе зорлық-зомбылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынды. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол мас болып, заңсыз әрекеттердің жолын кесу кезінде полицейлерге қарсылық танытқан, – делінген полиция хабарламасында.

Lada.kz басылымының жазуынша, жедел жәрдем қызметкерлері досы басына әйнек сұғып алғанын айтып, қоңырау шалған 40 жастағы әйелдің жағдайы бойынша шақырту орнына аттанған. Дәрігерлер оқиға орнына жеткенде ер адам жедел жәрдем көлігінің әйнегін сындырып, содан кейін фельдшерлерге де тап берген.