Алдағы үш жылда 130 мыңнан астам маман жетіспейтін болады

Ғалиасқар Думан

Атамекен кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс артатынын айтып, жыл сайынғы сауалнама қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет

СҰРАНЫС ПЕН ТАПШЫЛЫҚ

Ұлттық палата жыл сайын қазақстандық кәсіпорындардың кадрлық қажеттілігін бағалайтын сауалнама жүргізетінін атап өтіп, соңғы сауалнамада білім беру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалардағы жұмысшыларға айтарлықтай сұраныс байқалғанын мәлімдеді.

“Алдағы жылдары 130 мыңнан астам маман қажет болады, оның жартысына жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар. Ұлттық жүйенің нәтижелерін мемлекеттік органдар жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, қазақстандықтарды еңбек нарығындағы ахуал және сұранысқа ие кәсіптер туралы хабардар ету, сондай-ақ кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланады” делінген палата хабарламасында.

Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының тиімділігін арттырып қана қоймай, кадрларды даярлауды, оларды жұмысқа орналастыруды және кәсіптік бағдарлауды жаңа деңгейге көтеретін бастамаларды талқылағаны айтылды.

Кәсіпкерлік палата  мәліметінше, былтыр техникалық және қызмет көрсету бойынша кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру жөнінде оқу орталықтарын 8,4 мың адам аяқтап, оның 7,4 мыңы жұмыспен қамтылған. Биыл 10 мыңға жуық қазақстандықты оқыту жоспарлануда.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ

Бүған дейін Президент Қ.Тоқаев дәстүрлі жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігіне назар аударған.