Трамп Президент болса, Украинадағы соғысқа АҚШ-тың араласуын тоқтататынын мәлімдеді

Ғалиасқар Думан

АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп Джорджия штатындағы сайлауалды іс-шарасында президент атанып жатса, АҚШ-тың Украинадағы соғысқа араласуын тоқтататынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

 

EPA

КЕТЕМ ДЕ ҚАЛАМ

Трамп қазіргі президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис АҚШ-ты осы соғысқа араластырып, енді одан шығара алмай отыр деп санайды.

«Меніңше, егер мен президент болмасам, біз мына соғыста тұйықталып қаламыз. Менің қолымнан оны болдырмау келеді. Мен келіссөзге қол жеткізіп, кетем де қалам. Бізге ол жақтан шығу керек. Байден біз жеңбей, шықпаймыз» дейді. Ал егер олар (Ресей – ред) жеңсе не болады?» деді ол Джорджия тұрғындарына.

АҚШ Украинадағы соғысқа тікелей қатыспайды, бірақ Украинаға ауқымды көмек беру арқылы оның жеңілмеуіне жағдай жасап келеді.

КИЕВ ҮШІН КӨМЕК АСА ҚАЖЕТ

Украинаға қолдау бүгінде аса қажет. Киев қазір бірнеше фронт бойынша ұрыс жүргізіп жатыр. Күні кеше ғана Украина күштері стратегиялық маңызы бар Угледар қаласы үшін ауыр ұрыс жүргізіп жатқаны хабарланды.

Донецк облысының оңтүстігіндегі Угледар қаласын қорғап жатқан украиндық бөлімшелердің жағдайы бүгінде ауыр. Ресейлік күштер қаланы оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс жағынан қоршап, жартылай шеңберін алып қойды, бұл логистикаға қауіп төндіреді.

ҚАЛЖЫРАҒАН 72-БРИГАДА

ВВС мәліметінше, қаланы екі жыл бойы қорғап келген Украина қарулы күштерінің 72-бригадасы қатты қалжыраған. Оларға қоршауда қалу қаупі төніп тұр. Оларға көмек те, алмастыратын күш те келе алмауда.

ҚАРУ ТАПШЫЛЫҒЫ

«Украина қарулы күштері бір мезетте Курскіге шабуылдап, шығыс пен оңтүстікте қорғанып жатыр. Олар тым бытыраңқы. Ал құрылып жатқан жаңа 14 бригада заманауи қару тапшылығын сезініп отыр» дейді сарапшы Дэвид Акс.

Украина бас штабының бұрынғы төрағасы Владислав Селезнев мәселе жау күшінің басымдығында ғана емес, қорғаныс операциясының есебінде де қателіктер бар екенін айтады.

УГЛЕДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Угледар қаласы стратегиялық маңызға ие. Ол Донецк облысындағы Шығыс майдан мен Запорож облысындағы Оңтүстік майданның түйіскен жерінде орналасқан. Қаладан 18 шақырым жерде темір жол желісі бар. Ол Ресейдің қолына өтсе, олар Донецк-Волнов желісі арқылы әскері мен техникасын оңтүстікке жеткізуге мүмкіндік алмақ.

Десе де, қала әлі де Украина қарулы күштерінің бақылауында. Артиллерия әлі де маңызды магистраль бойынша нысаналы соққы жасауға қауқарлы екені хабарланды.

ХАРЬКОВКЕ ШАБУЫЛ

Украина әскерінің бір бөлігі Угледарда ұрыс жүргізіп жатқанда, кеше Ресей Харьковты атқылады. Атылған зымырандардың бірі қаладағы тұрғын үйге тиген.

Соңғы дерекке қарағанда, шабуылдан 3 адам қаза тауып, 22 адам адам зардап шеккен.