Израиль Бейруттағы "Хезболланың" негізгі штаб-пәтеріне соққы берді

Сырым Қаржас

Израиль Ливан астанасы Бейруттің шетіндегі "Хезболла" ұйымының негізгі штаб-пәтеріне соққы бергенін мәлімдеді, хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters

БІТІМ БОЛМАЙДЫ

Израиль соққы кезінде топ жетекшісі Хасан Насралланың болған-болмағанын тексеріп жатыр. Ал Нетаньяху жуырда БҰҰ-да ешқандай бітім болмайтынын және ЦАХАЛ Ливандағы әскери әрекеттерін «барлық мақсаттарға жеткенше» жалғастыра беретінін айтқан еді.

Израильдің Бейруттің оңтүстік маңындағы елді мекендерін атқылауы салдарынан кем дегенде екі адам қаза тауып, 76 адам жараланған, деп хабарлады Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі. Әзірге бұл құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде алынған мәлімет.

Ливан астанасында күшті жарылыс болғаннан кейін көп ұзамай ЦАХАЛ өкілі контр-адмирал Даниел Хагаридің теледидардан жасаған мәлімдемесінде орталық командалық пункт «тұрғын аудандардың тереңінде» орналасқанын айтты.

СОҚҚЫ НЫСАНАСЫ

Израиль телеарналары соққының нысанасы “Хезболла” жетекшісі Хасан Насралла болғанын хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, Израиль шабуыл кезінде топ жетекшісінің оқиға орнында болған-болмағанын тексеріп жатыр.

Радикалды қозғалысқа жақын AFP ақпарат көзі кейінірек Насралланың хал-жағдайы «жақсы» екенін айтты.