Жовтис қызметінен кетті, орнына орынбасары Дживага келді

Сырым Қаржас

«Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» республикалық қоғамдық бірлестігі мүшелерінің жалпы жиналысы өтіп, онда бірлестіктің жаңа басшысы сайланды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Qazpolit.org

НЕ ЖАҒДАЙ

Бюро отырысының күн тәртібіндегі мәселелердің ең маңыздысы екі жыл сайын өтетін директорын сайлау болды.

Бірақ бұл жолы бірлестіктің қазіргі басшысы және негізін қалаушылардың бірі Евгений Жовтис ұйымға ротация мен басшылыққа жаңа буынның келуін құп көрген екен. Өзі басқарушылық орыннан кеткісі келетінін айтып, тек сарапшы маман ретінде ақыл-кеңес беріп отыру үшін ұйымның бас сарапшы-кеңесшісі болып қалатынын жеткізген.

ЖАҢА ДИРЕКТОР

Осылайша бірлестік мүшелері отырысындағы жасырын дауыс беру барысында ұйым директоры болып Е.Жовтистің орынбасары және БҰҰ БЖКБ «Босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек көрсету» жобаларының үйлестірушісі Денис Дживага сайланды.

Еске сала кетсек, «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» республикалық қоғамдық бірлестігі 1993 жылы құрылған.

Қазіргі уақытта ол Алматы қаласында бас кеңсесі, он филиалы және республика өңірлерінде бір өкілдігі бар Қазақстандағы ең ірі құқық қорғау ұйымдарының бірі саналады.