Болжам. Украинадағы соғыс немен аяқталуы мүмкін

Әлихан Асқақ

Батыстағы саясаткерлер Украинадағы соғысты тек келіссөздер арқылы аяқтауға болатынын жиі айта бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Ресеймен Ыстамбұл қағидалары негізінде келісім жасау қажеттігін де мойындап отыр. Бұл туралы британдық саясаткер Анатоль Ливен UnHerd порталына берген сұхбатында айтты.

Батыстың ресми тұлғалары бұл соғыстың Ыстамбұлда уағдаласқан шарттарға жақын келісіммен аяқталатынын жиі мойындай бастады. Осы келісім текетірестің алғашқы апталарында талқыланған болатын, - деді сарапшы.

Оның айтуынша, Украина бейтарап мәртебеге қатысты келісімді рәсімдеуге мәжбүр болады. Аумақтық тұтастық пен қауіпсіздік сияқты халықаралық кепілдіктер де берілуі шарт.

Киевте Украина үшін ең дұрысы осы-ау деген келісімнің белгілері көптеп көріне бастады, - деп атап көрсетті Ливен.

Бұған дейін РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің Украинадағы қақтығысты реттеу үшін "Ыстамбұл қағидаттарын" қайта қарауға дайын екенін мәлімдеген еді. Бірақ "жаңа реалиялар" ескерілуі шарт. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысының бұрынғы орынбасары Виктория Нуланд Украинаның америкалықтар мен британдықтармен консультациялар өткізгеннен кейін Ыстамбұл келісімдерінен бас тартқанын мойындағандай болды.

«ЖЕҢІС ЖОСПАРЫ» 

Өткен аптада Украина президенті АҚШ ресми сапармен барып, «Жеңіс жоспарымен» таныстырған. Жоспар жұртшылыққа жария етілмесе де, Times ұсынылған жоспар негізгі төрт бөлімнен тұратынын жазған.

- батыстың ел қауіпсіздігіне кепіл болуы туралы, НАТО-ға мүшелікке өту жағдайында бірлесе қорғану туралы өтініш;

- аумақтық мүмкіндік ретінде Украинаның Ресейдегі Курск облысына шабуылын жалғастыру;

- белгілі бір заманауи қаруларды беру туралы өтініш;

- Украинаның қираған экономикасы үшін халықаралық қаржылық көмек.

«ЖАҢА НӘРСЕ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ»

Зеленский сапары кезінде Байден әкімшілігі “Жеңіс жоспарында” ауқымды ештеңе жоқ екеніне алаңдаушылық білдіргені туралы ақпарат шықты. Ұсыныстар негізінен көбірек қару мен алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануға рұхсат сұраудың айналасында делінген. WSJ-мен әңгімелескендер Зеленскийдің ұсыныстары ымыраға келмейтін талаптар екенінін, дипломатия мен саясатқа арналған бөлімдер егжей-тегджейлі жазылмағанын, тек қару беруді сұраған тұстары көп екенін жеткізген.