Алматыда ұсталған бір топ белсенді екі айға қамауға алынды

Қалижан Бектемір

Алматыда бір топ белсенді екі айға қамауға алынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Бұл туралы қоғам белсендісі Абзал Достияров өзінің facebook-парақшасында жазды.

Кеше түнгі 22:00 шамасында сот өтіп жексенбі күні ұсталған алты белсендіні екі айға қамауға алу туралы шешім шығарыпты.

Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықовты адвокат Төлеген Берліқожа қорғайды, ал Айдар Мүбараковты адвокат Ғалым Нұрпейсов қорғауына алды.

Алтыншы адамның аты-жөні белгісіз, ол Ерболат Әубәкіров болуы мүмкін, өйткені жексенбіде ұсталғанымен оның өзімен де, туыстарымен де байланыс жоқ.

Қамалғандардың үшеуі егде жастағы кісілер, олар 60 тан асқан Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыздықов.

54 жасар Нұрлан Темірғалиевтің де денсаулығы нашарлап емделіп жүрген екен.

Денсаулықтары нашар, үнемі дәрі ішіп жүретін кісілерді үйқамаққа шығара ма деген үміт болған.

Әзірге хабар осындай, – деп жазды ол.

Бүған дейін адвокат Төлеген Берліқожа қылмыстық іс атом электр станциясының құрылысын талқылауға арналған жиынға байланысты қозғалғанын хабарлаған.

Өткен айда белсенділер жиналып, атом электр станциясының құрылысын талқылады. Тыңшылар мұны жазып алған. Шымкенттен Бердиходжаев есімді күмәнді сарапшы бар. Ол өз қорытындысында белсенділердің сөздерінде экстремизм элементтері мен жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға шақыру бар екенін айтады, – деді Берліқожа.

Еске салсақ, жексенбі күні Алматыда бірнеше белсенді ұсталғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов пен белсенді Абзал Достияров АЭС құрылысына байланысты дебат өткізетінін жазған едік.